Елімізде банктердің активтері 44,6 трлн теңгеге дейін өсті

28 Наурыз 2023, 15:42
591
Бөлісу:
Елімізде банктердің активтері 44,6 трлн теңгеге дейін өсті
Фото: naryk.kz

Елімізде банктердің активтері 44,6 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Олжас Қизатов ҚР банк секторындағы қадағалау саясатының 2023 жылға арналған негізгі басымдықтары жайында айтып берді. 

Банк секторы капиталдандыру көрсеткіштері бойынша да, өтімділік көрсеткіштері бойынша да үлкен беріктік қорын көрсетіп отыр. Банктердің активтері 18,4%-ға (+6,9 трлн теңге) 44,6 трлн теңгеге дейін өсті. NPL(90+) қарыздар деңгейі несие портфелінің 3,3%-нан 3,4%-на дейін (669 млрд теңгеден 815 млрд теңгеге дейін) өсті. Банктердің реттеушілік меншікті капиталы 11,8%-ға, яғни 5,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Клиенттердің салымдары 21,5%-ға (+5,6 трлн теңге) 31,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды, - деді ол. 

Қаржы реттеушісінің өкілі 2022 жылғы наурыз-қараша аралығында барлық 21 банк бойынша 33 сандық және 122 сапалық көрсеткішті талдау негізінде 2022 жылға SREP қадағалау бағалауы жүргізілгенін айтты. 

SREP бағалау нәтижелері банктердің 2021 жылғы SREP қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жойғанын көрсетті, бұл, өз кезегінде, банктерге тәуекелдерді ерте кезеңдерде анықтауға және реттеуге мүмкіндік береді.

Тәуекелдер деңгейін ескере отырып, SREP бағалау шеңберінде анықталған банктік тәуекелдерге қарай банктерге қатысты түрлі қадағалап ден қою шаралары қолданылады. 2022 жылы активтердің 71% және банк секторының несие портфелінің 72% үлесін құрайтын 10 ірі банк бойынша AQR өткізілді. 2022 жылғы қазанда тұрақты AQR нәтижелері аяқталды, оның қорытындысы бойынша 10 банк бойынша капитал жеткіліктілігінің жалпы деңгейін бағалау 17,6%-дан 15,9%-ға дейін азайтылды, - деп түсіндірді Олжас Қизатов.

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қатысушы банктер AQR бойынша іс-шаралардың жалпы санының 95,7%-ын немесе 22 439 іс-шараны іске асырды.

Қалған 4,3%-ын немесе 1 010 іс-шараны іске асыру негізінен 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталуы жоспарланған бизнес-процестерді автоматтандырумен байланысты.

Өзгелердің жаңалығы