2022 жылдың қорытындысы бойынша ауыз суға қолжетімділік қалаларда - 98,4 пайыз және ауылдарда - 94,5 пайызға жеткен. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Қарабаев ауыз су мәселесін шешу «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту» тұжырымдамасы аясында орындау жоспарланып отырғанын айтты.
Қалаларда ауыз сумен қамтудың ең төмен көресеткіші Жамбыл облысында – 91,9 пайыз. Ал ауылдық елді мекендер бойынша Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында. Қамту көрсеткіштері төмен өңірлерге қаражат басым негізде бөлінеді. Бұл артта қалған өңірлердің деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, - деді ол Үкімет отырысында.
Оның атап өтуінше, биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 402 жобаны іске асыру үшін 280 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде қалаларда 135 жобаны (27 қалада-сумен жабдықтау, 23 қалада – су бұру) іске асыруға 167 млрд теңге (оның ішінде су бұру жобалары бойынша 56,6 млрд теңге) және ауылдарда 267 жобаны (270 ауыл) 113 млрд теңге бөлінді.