Елімізде ақпан айындағы инфляция деңгейі қандай болды

Кеше, 20:46
272
Бөлісу:
Елімізде ақпан айындағы инфляция деңгейі қандай болды
PHOTO
Фото: pixabay.com

Ақпан айында инфляция қайтадан үдей түсті – бұл көрсеткіш қаңтардағы 8,9%-дан кейін 9,4%-ға жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

2025 жылғы ақпанда тұтыну бағаларының айлық индексі 1,5% құрады (2025 жылғы қаңтарда – 1,1%). Ақылы қызметтер – 2,1%, азық-түлік тауарларының бағасы – 1,5%, азық-түлік емес тауарлар 1% өсті.

Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында төлемақы суық суға – 29,2%, орталықтан жылытуға – 6,2%, ыстық суға – 5,3%, домофонға – 4,7%, электр энергиясына 1,8% өсті. Монша қызметтері – 2,1%, дәрігерге алғаш қаралу қызметтері – 1,9%, шаштараздар мен сұлулық салондарының қызметтері 1,3% қымбаттады.

Азық-түлік тауарларынан баға қиярға – 12,7%, қырыққабатқа – 12,3%, картопқа – 16,4%, қызанаққа – 6,1%, қызылшаға – 5,1%, лимонға– 4,9%, сиыр етіне – 3,7%, сарымсаққа – 3,2%, картопқа, жүзімге – 3,1%, күнбағыс майына – 3 %, алмаға – 2,7%, қой етіне 2,3% өсті. Бағаның төмендеуі апельсинге – 2,2%, күрішке – 1,4%, жұмыртқаға – 1,2% қарақұмық жармасына 1% байқалды.

Елімізде ақпан айындағы инфляция деңгейі қандай болды
Ұлттық статистика бюросы

Ағымдағы жылдың ақпан айында тұрмыстық бұйымдарға баға 2,5%, автомобильдерге – 1,3%, құрылыс материалдарына – 1,1%, киім мен аяқ киімге 1% өсті. Баллондағы сұйытылған газ 10,5% қымбаттады.

Өңірлер ішінде ең жоғары айлық инфляция Астана қаласында – 2,9% (орташа республикалық деңгейден 1,4 п.т. жоғары), ең төмені Абай және Қызылорда облыстарында – әрқайсысында 0,7%-дан тіркелді.

Өңірлер бөлінісінде азық-түлік тауарларының ең жоғары бағасы Шымкент қаласында 3%, азық-түлік емес тауарлар – Маңғыстау облысында 2,5%, ақылы қызметтер – Астана қаласында 4% өсті.

2025 жылғы ақпанда жылдық мәнде инфляция деңгейі 9,4% құрады. Ақылы қызметтердің бағасы – 14,1%, азық-түлік емес тауарлардың бағасы – 8,7%, азық-түлік тауарларының бағасы 6,5% жоғарылады.

Елімізде ақпан айындағы инфляция деңгейі қандай болды
Ұлттық статистика бюросы

2024 жылғы ақпанмен салыстырғанда суық суға тарифтер – 70,7%, электр энергиясына – 21%, орталықтан жылытуға – 18,2%, су бұруға – 17,3%, ыстық суға – 14,5%, тарату желілері бойынша тасымалданатын газға – 13,2%, қоқыс шығаруға 11,1% жоғарылады. Теміржол жолаушылар көлігінің қызметтері – 20%, ұялы байланыс қызметтері – 19,5%, медициналық зертханалар мен рентген кабинеттерінің қызметтері – 18,4%, сәлемдемелер жіберу – 17,7%, дәрігерге алғашқы қаралу қызметі 15,5% қымбаттады.

Ноутбуктің бағасы – 67,2%, ас үй пеші – 55,4%, сымсыз құлаққаптар – 47,7%, планшет 46,8% қымбаттаған. Бағаның өсуі корвалолға – 33,2%, канефронға 26,9% байқалды. Азық-түлік ішінде картоп – 62,1%, пияз – 27,3%, қырыққабат – 20,2%, сарымсақ – 18,3%, қызылша 15,2% қымбаттаған. Керісінше, қарақұмық жармасы жылдық мәнде – 20,4%, сәбіз – 6,6%, күріш – 5,7%, жұмыртқа 5,3% арзандаған.

Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Бақылаулар қызметтер мен тауарлардың тарифтері мен бағалары – барлығы 508 позиция бойынша жүргізіледі. Инфляция бойынша динамикалық өзгерістерді 2018 жылдан бастап көрсеткіштер қамтылған арнайы әзірленген интерактивті дашбордта көруге болады.

2025 жылғы қаңтардан бастап тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық–түлік тауарларының үлесі – 40,0%, азық-түлік емес тауарлар – 30,3%, ақылы қызметтер 29,7% құрады.

Өзгелердің жаңалығы