Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен көшпелі кеңес өтті.
Кеңесті кіріспе сөзбен бастаған Ералы Тоғжанов ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай университет жанынан «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты құрылғанын айтып өтті.
Академияның ашылуы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында деуге болады. Солай болуы да керек. Абай жұлдызының жолы да, орны да бөлек. Қазір Қазақстан бойынша талай іс-шара жоспарланды, бірақ пандемияға байланысты шараларды өткізу жолдары ескерілуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы және қазіргі Қазақстан: жинақтау, жүйелеу, талдау» жобасын іске асыру, сондай-ақ «Құнанбай тұлғасы», «Абай тағылымы» және басқа да еңбектерді басып шығару мәселелері бойынша тиісті шараларды қарастыруды тапсырған болатын. Бүгінгі жиында осы мәселелерді талқылауды мақсат тұтып отырмыз, - деді ол.
Іс-шара барысында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институт- ының қызметі мен жоспарлары туралы баяндама жасады. Ол «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2019 жылдың желтоқсанында Ұлы ақынның шығармашылық өмірбаянын объективті бағалау және терең зерттеу үшін Еуразия ұлттық университетінде ашылғанын еске салды.
Академия бүгінде Абай мұрасын кешенді зерттеу, ұлы ойшылдың дүниетанымын этнолингвистикалық, әлеуметтанулық, тарих және мәдениет тұрғысынан зерттеу мақсатында «Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы: жаңаша талдау және басылымға даярлау» тақырыбында іргелі зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру бойынша шаралар атқарылуда. Кешенді ғылыми жобаны іске асыруға белгілі абайтанушылар, сондай-ақ, гуманитарлық бағыттағы ғалымдар белсене қатысуда. Жалпы алғанда, жоба аясында 100-ден астам ғалым мен жас зерттеуші ізденісті жұмыстар жүргізуде, - деді Ерлан Сыдықов.
«Абай академисы» ғылыми-зерттеу институты ашылғаннан бері 100 данадан 16 кітап шығарды және таныстырды, сонымен қатар жыл соңына дейін 10-ға жуық ғылыми еңбек шығаруды жоспарлап отыр. ЕҰУ ректоры институттың зерттеу бағытындағы өз ұсыныстары бойынша одан әрі жұмыс жүргізілетінін айтып өтті.