Елімізде 51 мың автокөлік іздеуде жүр - МКК

7 Наурыз 2020, 12:00
2022
Бөлісу:
Елімізде 51 мың автокөлік іздеуде жүр - МКК

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегі бойынша, 2019 жылы Қазақстан аумағына кірген 72 мың автокөлік ЕАЭО талаптарына сәйкес импорттық тауарлар үшін қосымша құн салығын төлемеген.

Атап айтқанда, 10,3 мың автокөлік тауарлық-транспорттық ілеспе құжатты Қазақстан Республикасындағы жалған тұлғаларға рәсімдеген. Оның ішінде 7,7 мың автокөлік Ресей Федерациясына және 2,6 мың автокөлік Қырзғызстан Республикасына тиесілі.

51 мың автокөлікті іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Олар да тауарлық-транспорттық ілеспе құжатты Қазақстан Республикасындағы жалған тұлғаларға рәсімдеуі мүмкін деген қауіп бар. ЕАЭО елдерінің ішінде автокөлік құралдарының жалған бағыт бойынша қозғалғандығы жөнінде 11 мың дерек тіркелді. Оның ішінде 6,5 мың автокөлік Ресей Федерациясына, 4,8 мың көлік Қырғызстан Республикасына тиесілі екендігі анықталды – делінген комитет ақпаратында. 

Мұндай заңбұзушылықтардың алдағы уақытта орын алмауы үшін Қазақстан Республикасы мен Қырғызстан Республикасының Үкімет мүшелері арасында бірнеше мәрте екі жақты кездесулер өткізілген. Алайда кедендік және салықтық заңбұзушылықтар бүгінгі күнге дейін орын алып келеді. 

Мысалы, Қырғызстан Республикасының Мемлекеттік салық қызметінің дерегі бойынша, 2019 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасы аумағына 18 млрд теңгенің тауары экспортталған. Алайда тауарларды кіргізу мен жанама салық төлеу барысында ол сомма 186 млрд теңгені құрағаны белгілі болды. Ұсынылған ақпарат арасындағы айырмашылық 10 есені құрайды – дейді комитет өкілдері.

Қырғызстан Респубикасының Мемлекеттік кеден қызметінің дерегі бойынша, 2019 жылы Қырғызстан Республикасы аумағына Қытай Халық Республикасынан 75 мың тонна халық тұтынатын тауарлар кіргізілген. Алайда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы аумағына 149 мың тонна тауар экспортталған. Осылайша импортталған тауар көлемінде екі есе айырмашылық бар екені белгілі болды.

2019 жылы Қазақстан Республикасында пилоттық жоба негізінде енгізілген навигациялық пломбалар автокөлік құралдарының тауарлық-транспорттық ілеспе құжатта көрсетілген бағыттан өзге аумаққа қатынағанын анықтаған 11 дерек тіркелді. Құжатта Қырғызстан Республикасынан Ресей Федерациясына өтеді деген тауарлар Қазақстан Республикасының аумағында қалып қойған. Дәл осындай 2 дерек Ресей Федерациясынан келген көлік құралдарынан да тіркелді – делінген хабарламада.

Көлік құралдарының жүргізушілері навигациялық пломбалар ілінгеннен кейін әрі қарай жол жүруден бас тартқан 29 жағдай тіркелді. Ал Қырғызстан Республикасында навигациялық пломбаларды енгізу үрдісі тоқтап тұр. Ақпарат Қырғызстан Республикасына жолданса да, жағдай түзелген жоқ.

Қазақстан Республикасы ЕАЭО жұмысының негізгі принціпі екі жақты тиімді қарым-қатынас, тараптардың ұлттық мүддесіне есеп жүргізуде тең құқыққа ие және нарықтық экономикада адал бәсекелестікке негізделетінін тағы бір мәрте еске салады.
Өзгелердің жаңалығы