Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Марат Хасенов айтты.
Қазгидрометтің болжауы бойынша, шілде айында ауа температурасы қалыпты жағдайдан 1-2 градусқа артқан. Салдарынан жауын-шашынның тапшылығы орын алды. Бұл өрт қауіпсіздігі кезеңін тудырғаны анық. Аталмыш кезең басталғалы бері республикада 520 орман өрті мен 2000-нан астам дала өрті тіркелген.
Күрделі табиғат жағдайына қарамастан табиғи өрттің өршуіне жол берілген жоқ. Жергілікті атқарушы органдарға елді мекендердің өрт қауіпті кезеңге дайын еместігі туралы 2 260 ескерту берілді, - деді Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары.
Сондай-ақ өртке қарсы іс-шаралар шеңберінде құрамында 3 мыңнан астам қызметкер бар 661 мобильді топ құрылыпты. Халықты орман алқаптарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы туралы ақпараттандыру үшін 36 мыңнан астам адам нұсқаулар мен жиындар өткізілген.
Төтенше жағдай министрлігі өкілінің айтуынша, көп жағдайда табиғи өрттердің пайда болуына сөндірілмеген темекі, жерошақ, шыны бөтелкелер, көлік құралының сөндіргішінен шыққан ұшқын, құрғақ ескі шөпті жағу, жай түсу (найзағай) себеп болатын көрінеді. Ведомство басшысы азаматтардан өрт қауіпсіздігі ережелерін ұстануды өтініп отыр.