Астана, BAQ.KZ тілшісі. «QAZAQ EPOS» қоғамдық қоры «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтудан оқушылар арасында республикалық байқау ұйымдастыруда.
Байқау еліміз бойынша 6-10 сынып оқушыларының арасында өтетін болады. Байқауға қатысушылар «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтып қана қоймай, жырдың ішіндегі көнерген сөздердің мағынасын ашып, 6-10 сыныптың қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап беретін болады.
«Байқаудағы негізгі бағыт – эпосты жаттау. Туындыны жатқа айту, мәнерлеп оқу, эпостағы көнерген сөздердің мағынасы мен мазмұнын түсіну басты талаптардың бірі. Поэтикалық тексті меңгеру арқылы оқушылар тарихты да терең түсіне бастайды. Сондай-ақ есте қалатын поэтикалық мәтін оқушының сөйлеу мәдениетін, сауатты жазуын қалыптастырады. Осылайша әдеби шығармаларды талғаммен таңдауына негіз қалайды. Сонымен қатар, бұл жобаның «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған ұлттық кодты қалыптастыру үшін де ықпалы зор болмақ», дейді Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.
Байқау республика бойынша 5 000 мектептен 50 000 оқушы мен 25 000 мұғалімді қамтиды.
Байқауға әр мектептен он оқушы қатыса алады.
Жоба аудандық, облыстық және республикалық үш кезеңнен тұрады.
Аудандық кезеңде 1-ші орын үшін 150 000 теңге, 2-ші орын - 100 000 теңге, 3-ші орынға 50 000 теңге қарастырылған.
Ал облыстық кезеңде 1-ші орын үшін 1 000 000 теңге, 2-ші орын - 600 000 теңге, 3-ші орын алғандарға 300 000 теңге табысталады.
Қазіргі кезде республикалық іріктеудің қаржылай қоры пысықталып жатыр.
Жобаның аясында 50 000 мектеп оқушысы 107 беттен тұратын «Қобыланды батыр» жырын толық жаттаса, аталған көрсеткішті Гиннес рекордтар кітабына өтінім беру жоспарланған.
Жоба ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «QAZAQ EPOS» қоғамдық қорының бастамасымен, сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Хабар» агенттігі және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жүзеге асырылуда.