Соңғы 10 жылда елімізде АИТВ инфекциясын жұқтырушылар қатары екі есеге артқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді. Оның айтуынша, адамның иммун тапшылығы вирусы инфекциясы тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде де өзекті мәселе болып қалып отыр.
Соңғы 10 жылдың ішінде елде АИТВ инфекциясымен сырқаттанушылық 2 есеге артты. Жұқтырылған иммун тапшылығының синдромынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 1,7 есеге төмендеді, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар министр АИТВ-мен өмір сүретін барлық адамдардың 95%-ы өздерінің мәртебесі туралы білуі керектігін алға тартты.
АИТВ-ны жұқтырғандардың 95%-ы емделуі керек. 95% науқастардың емі тиімді болуы керек. 2022 жылдың қорытындысы бойынша елде АИТВ-мен өмір сүретін 30 558 адам тұрады. 2022 жылы 3 877 жаңа жағдай тіркелді. Бұл ретте еркектер әйелдерге қарағанда 2 есе көп анықталды. 82%-ы 18-49 жас аралығындағы еңбекке қабілетті халыққа тиесілі. Жыныстық жолмен берілу басым - 75%-ға тең. Содан кейін инъекциялық жолмен берілу - 20%-ды құрайды, - деді Ажар Ғиният.