Елімізде 21 балаға бір компьютерден келеді – БҒМ

14 Шілде 2020, 12:52
1726
Бөлісу:
Елімізде 21 балаға бір компьютерден келеді – БҒМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Біздің алдымызда тұрған негізгі мәселе – бес балаға бір компьютерден келуі керек, деді ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. Ол бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен "Оқу процесін ұйымдастыру туралы" онлайн брифинг барысында айтты.

Елімізде мектептердегі компьютерлердің 60%-ы жұмыс істемейді. Осыған қатысты министр бұл бірнеше жылдан бергі қордаланған мәселе екенін жеткізді.
"Ауруын жасырған өледі" деген бар. Мұндай мәселе барын жасырмаймыз. Бұл бір жылда қалыптасқан проблема емес. Мектептерде 405 мың компьютер болса, оның жартысы ескірген. Сондықтан, оны жаңарту жұмыстары үзілмеуі керек. Алайда, бұл бағыттағы жұмыстар белсенді түрде жүргізілмегендіктен, қазіргі таңда осындай мәселе туындап отыр. Жалпы, бүгінде компьютерлер сатып алу бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде, - деді министр.

Асхат Аймағамбетов бір компьютерге 21 баладан келетінін айтты.
Жуырда біз "Цифрлы білім" деген жаңа бағдарламаны таныстырған болатынбыз. Себебі, қазіргі заманда цифрлы дағдылар өте маңызды. Цифрландыру бойынша жаңа дағды қалыптастырамыз десек, робототехниканы дамытамыз десек, мектептерде компьютер жеткілікті болуы керек. Бүгінде бір компьютерге 21 баладан келіп тұр. Біздің алдымызда тұрған негізгі мәселе – бір компьютерге 5 баладан келуі керек. Сондықтан, компьютер сатып алу мәселесі өзекті болып отыр, - деді ол.
Министр Дүниежүзілік банктен елді мекендердегі мектептерге компьютер және принтер сатып алу мақсатында алынған 67 миллион доллар қаражатқа қатысты ойын айтты.
Қаржыландыру жоспары бойынша бұл келер жылдың бюджетінде болған. Бірақ, қазір біз тиісті ұсыныс тастап, Қаржы министрлігімен қоса жұмыс істеп жатырмыз. Біздің қойып отырған мәселеміз – ол қаржыны биылға жылжытып, компьютер сатып алуға жұмсау. Жалпы, қазір Дүниежүізілк банкпен және Қаржы министрлігімен осы жұмыстар атқарылуда, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы