Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда 1 наурыздан бастап бірқатар өзгерістер күшіне енді. Бұл туралы толығырақ BAQ.KZ материалынан оқи аласыз.
Тұрғын үйді жалға алу
Мемлекет тұрғын үй алуға кезекте тұрған табысы төмен қазақстандықтарға жеке тұрғын үй қорынан жалдаудың 50%-ын төлейді.
Төлемдерді алу үшін өтініш берушіге ЭЦҚ арқылы «Отбасы банкіне» жүгіну және құжаттарды тапсыру қажет:
- Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін төлемдер тағайындауға өтініш;
- Банктің дербес деректерді алуына және өңдеуіне келісім;
- Құқықтық кадастрда кемінде бір жыл мерзімге тіркелген тұрғын үйді жалдау шарты.
Мемлекеттік қызметтер тізімі
Мемлекеттік қызметтер тізімінен шығарылды:
- ҚР шет елдердегі мекемелерінің ҚР азаматтығынан шығу жөніндегі құжаттарды ресімдеуі;
- Бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындау;
- Жұмыс іздеп жүрген адамдарды тіркеу жөніндегі функциялар Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне берілді.
- Ал жұмыссыздарды тіркеу қызметі енді жергілікті атқарушы органдардың қарауында.
- Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуға жолдама беретін болады.
Жануарларды қорғау
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң қолданысқа енгізіледі. Жануарларға жауапкершілікпен қарауды реттеу қағидаттары мыналар:
- жануарларға ауырсыну мен физикалық қиналуды сезіне алатын тіршілік иесі ретінде қарау;
- жануардың тіршілігі, саулығы мен амандығы үшін иесінің дербес жауапты болуы;
- жануарларды қатыгездікпен қараудан қорғау;
- халықты жануарларға адамгершілікпен және ізгілікпен қарауға тәрбиелеу жануарларға жауапкершілікпен қарауды реттеу қағидаттары болып табылады.
Банк құпиясы
1 наурыздан бастап мемлекеттік кіріс органдарының сұратуы бойынша жеке кәсіпкердің және заңды тұлғалардың мобильді төлемдер арқылы ағымдағы шотына түскен ақша сомалары жөніндегі мәліметтерді ұсыну банктік құпия болып табылмайды. Салық органдарының мәліметінше, бұл өзгеріс тек кәсіпкерлерге қатысты, сондықтан қарапайым қазақстандықтарға алаңдауға себеп жоқ.
Мобильді төлемдер
Енді кәсіпкерлерге өз жеке шотына түсетін қаражат пен бизнестен түсетін ақшаны араластыруға болмайды. Сондықтан мобильді төлем ұғымы енгізілді. Мобильді төлем арқылы халық қызметтер мен тауарлар ақысын төлейді. Ал төлемді қабылдау үшін кәсіпкерлер жеке шот ашуы қажет.
Сауда
1 наурыздан бастап тауарды ғаламтор арқылы өткізген кезде тауар туралы ақпарат тұтынушыға қазақ және орыс тілдерінде берілуі тиіс.
1 наурыздан бастап сауда және қоғамдық тамақтандыру ұйымдарында «салық төлеушінің төлқұжаты» пайда болады.
Салық органы әрбір сауда және қоғамдық тамақтану субъектісіне шифрланатын арнайы QR-код береді. Ол бақылау-касса машиналарына жақын орналасуы және халыққа қолжетімді болуы тиіс. Паспортта салық құпиясы болып табылмайтын ақпарат беріледі:
- алкоголь өнімін сақтауға және бөлшек саудада өткізуге арналған лицензияның болуы немесе болмауы.
- бақылау-касса машинасының салық органындағы тіркеу нөмірі;
- жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлға басшысының тегі, аты, әкесінің аты;
- жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның атауы;
- ЖСН/БСН;
- салық төлеушінің мәртебесі;
- тiркеу есебiне қойылған күн;
1 наурыздан бастап темекінің ең төменгі бағасы көтеріледі:
- 2022 жылғы 1 наурыздан бастап 2022 жылғы 30 маусымға дейін 550 теңгеге дейін;
- 2022 жылғы 1 шілдеден бастап 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін 570 теңгеге дейін;
- 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 600 теңгеге дейін.
Валюта айырбастау
500 мың теңгеден астам сомаға валюта айырбастау кезінде клиенттің деректерін электронды жеке куәліктің көмегімен растауға болады.
Жеке басты куәландыратын құжаттар ұсынылмаған кезде (оның ішінде цифрлық құжаттар сервисі арқылы) айырбастау пункті валюталық операцияны жүргізуден бас тартуға құқылы.
Әскерге шақыру басталды
Көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды. Қарулы күштер, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі және Ұлттық ұлан қатарына биыл 17 мыңнан аса азамат қабылданады деп күтілуде.
18 жастан 27 жасқа дейінгі әскерге шақырылатын Қазақстан азаматтарына SMS-хабарлама және үйлеріне жеке шақыру қағазы жолданады.
Аружан АЛПЫСБАЙ