Еліміз қазақ-француз экономикалық ынтымақтастығын тереңдетуге мүдделі

10 Маусым 2022, 15:54
1157
Бөлісу:
Еліміз қазақ-француз экономикалық ынтымақтастығын тереңдетуге мүдделі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Француз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дидье Канесспен кездесті. 

Кездесу барысында екіжақты экономикалық ынтымақтастық саласындағы жетістіктер, сондай-ақ ынтымақтастықты одан әрі нығайту жөніндегі жоспарлар талқыланды.

ИИДМ басшысы екі ел арасындағы тауар айналымында оң серпін бар екенін атап өтті. Мәселен, 2022 жылғы қаңтар-сәуірде тауар айналымы 1,1 млрд АҚШ долларын құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,4 пайызға жоғары. Айта кетерлігі, Франция Қазақстан экономикасындағы ірі инвесторлардың бестігіне кіреді және еліміздің негізгі сауда серіктесі болып табылады.

Бүгінгі таңда Қазақстанда "Total", "Orano", "Alstom", "Danone", "Air Liquide", "Vicat" және басқа да ірі компанияларды қоса алғанда, француз капиталының қатысуымен 170-тен астам компания жұмыс істейді. Мәселен, "Alstom" ел аумағында екі негізгі жобаны іске асыруда. Осылайша, Нұр-Сұлтан қаласында электровоздар мен тартқыш трансформаторлар, ал Алматыда бағыттамалы электр жетектері мен сигналдық жабдықтар өндірісі жүзеге асырылады. Бұл шамамен 650 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Осы ретте, "Alstom" Орталық Азия мен Кавказ аумағында осындай темір жол техникасының жалғыз өндірушісі болып табылатынын айта кеткен жөн.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың мамыр айында Қазақстан-Франция арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың 2030 жылға дейінгі Жол картасына қол қойылған болатын. Аталған карта экономикалық саладағы екіжақты стратегиялық серіктестіктің дамуына қосымша серпін береді деп күтілуде.

Кездесуді қорытындылай келе, министр еліміздің бірқатар маңызды секторлары Қазақстан-Франция экономикалық ынтымақтастығын кеңейтуге және тереңдетуге мүдделі екенін атап өтті. Олардың қатарында, көлік инфрақұрылымы, цифрландыру, ауыл шаруашылығы, жер қойнауын пайдалану және "жасыл" сутегі өндірісі сияқты секторлар бар.

Өзгелердің жаңалығы