Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысы жұртшылығымен кездесуі кезінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Президент аймақтың экономикасын әртараптандыру қажет екенін айтты.
Атырау облысы мұнай мен газды терең өңдейтін орталыққа айналуға тиіс. Полипропилен өндіретін кешеннің іске қосылуы – осы бағыттағы маңызды қадам. Аймақта мұнай-химия кластерін құрудың бірінші кезеңі осылай жүзеге асырылып жатыр. Қазақстан көмірсутегі шикізатының қоры ең көп жиырма мемлекеттің қатарына кіреді. Соған қарамастан, еліміз мұнай-химия өнімдерінің 95 пайызына жуығын импорттап отыр. Бұл – дұрыс емес, - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы өңір ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете алатынын айтты.
Тіпті, сыртқы нарықтарға шығуға мүмкіндік бар. Мұнай-химия кәсіпорындары инвестиция салуға өте қолайлы. Әлемде олардың өніміне сұраныс жоғары және бұл сұраныс арта береді. Сондықтан, осы облыста «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Онда жұмыс істейтін компанияларға салық және кеден жеңілдіктері беріледі, - деді ол.
Ол мұнай қоймаларын барынша көбейту аса өзекті мәселе болып тұрғанын айтты.
Сондай-ақ, инвестиция тарту үшін мемлекет тарапынан түрлі амал-тәсілдер қарастырылған. Басқа да ірі жобаларды жүзеге асыру көзделген. Олар инфрақұрылымды дамытуға, инвестициялар мен жаңа технологияларды тартуға жол ашады. Сонымен қатар, бірнеше мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Аталған жобалар өңірдің экономикасын әртараптандыру үшін өте маңызды. Үкімет және әкімдік инвесторлармен бірлесіп олардың тезірек іске қосылуын қамтамасыз етуге тиіс. Мұнай қоймаларын барынша көбейту аса өзекті мәселе болып тұр. Қазір біз дайын мұнайды бірден экспортқа шығаруға мәжбүрміз. Өйткені, технология сондай. Өндірісті тоқтатып қоюға болмайды. Осы орайда, Қытайдың жақсы тәжірибесі бар. Олар өте үлкен қоймалар салған. Сол себепті, мұнай болмай қалғанның өзінде ішкі нарықты 3-4 ай бойы қамтамасыз етіп тұра алады, - деді ол.