Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Түркияның Бандырма қаласында Ат үстінен садақ атудан Әлем чемпионаты өтіп жатыр.
29 маусым мен 3 шілде аралығында бақ сынайтын сұрмергендер қатарында Жамбы атудан Еліміздің ұлтық құрама командасы да өз өнерлерін ортаға салды. Олардың арасында Жамбы атудан Қазақстан Республикасы чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, Түркияда, Венгрияда өткен халықаралық мергендер сайысына қатысушы, 2016 жылғы «Ұлы дала ойындары» фестивалінің жеңімпазы, «Алтын тұғыр» иегері, Жамбы атудан 2017 жылы өткен «Ақбидай» ауыл спорты ойындары спартакиадасының күміс жүлдегері, еліміздің «Жамбы ату» ересектер құрама командасының капитаны Елдос Бадашев, 2018 жылы Оңтүстік Кореяда өткен XІV Әлем чемпионатының командалық жарысында жеңімпаз атанған Абзал Тулыбеков, 2017-2018 жылы өткен «Алтын жебе» халықаралық турнирінің күміс, қола жүлдегері Айтбек Сарыбай, 2019 жылы Алматыда өткен Жастар арасындағы І Азия чемпионатында Жамбы атудан чемпион атанған Бабажан Бағдәулет сынды сен тұр, мен атайын жігіттер бар.
Бүгін Әлем чемпионатының квалификациялық іріктеу турнирінің алғашқы күні аяқталды.
Жарыстың бірінші күні мергендер кассай стилі (венгр) бойынша сынға түсті.
Жалпы есепте Бағдәулет Бабажан 150,400 ұпаймен күміс медальға ие болса, кассай стилі бойынша Айтбек Сарыбай алтыншы, Абзал Тулыбеков тоғызыншы орында.
Ертең жамбы атушылар корей стилінде шеберліктерін сынға салады. Командалық бейресми рейтингте Қазақстан әзірге жалпы есепте екінші орында.
Әлем чемпионатына Қазақстан, Түркия, Ресей, Иран, Болгария, Молдава т.б. қатарлы елдер қатысып жатыр.