Еліме тарихи жүлде сыйлағаным үшін бақыттымын — Нариман Құрбанов

Бөлісу:
Еліме тарихи жүлде сыйлағаным үшін бақыттымын — Нариман Құрбанов
Фото: Сали Сабиров/ҰОК

Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында спорттық гимнастикадан күміс медаль жеңіп алған Нариман Құрбанов жеңістен кейінгі әсерін бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Снарядқа келдім де, комбинация басталар алдында басқа ештеңе ойламай, тек жаттығуды соңына дейін орындадым. Іс-қимылдың бәрін қалай сәтті орындап шыққанымды өзім де түсінбей тұрмын. Ұзақ жылдар бойы жасап жүрген комбинацияны автоматты түрде орындап шықтым. Қазіргі олимпиадалық циклді есепке алар болсақ, мен бағдарлама соңында жиі құлайтынмын. Бұл менің техникалық немесе тактикалық тұрғыдағы кемшілігім емес. Психологиялық тұрғыдан беріліп қоятынмын. Бүгін бар тәжірибемді жинап, ең маңызды турнирде білгенімді түгел орындадым. Соның нәтижесінде осындай жетістікке қол жеткізіп отырмын, — деді спортшы.

Сонымен қатар, Париж Олимпиадасының медалі алғаш таныстырылғанда соның суретін өзіне сақтап қойғанын, сол медальға қол жеткізуді армандағанын да атап өтті.

Осы маусымдағы әрбір жарыс алдында сол суретке қарап, осы медальді қайтсем де аламын деп алдыма мақсат қойдым. Міне, бүгін сол мақсатқа жеттім. Және сол мақсатқа жету үшін жұмыс істедім. Елімізде бұл медальді қалай қабылдайтынын, халықтың қалай қуанып жатқанын жақсы түсінемін. Қазір бұл медальді ұстағаннан бұрын еліміздің қуанып жатқанын көру — мен үшін бақыт. Еліме тарихи жүлде сыйлағаным үшін бақттымын, — деді Құрбанов.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін ел қоржынына Париж Олимпиадасының тұңғыш күміс жүлдесі түсті.

Оны спорттық гимнастиканың ат снарядындағы жаттығуда Нариман Құрбанов жеңіп алды.

Өзгелердің жаңалығы