Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 5 685 адам тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бастап республикаға 1 млн 76,1 мың этникалық қазақ оралды.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.Осы жылдың басынан бастап Қазақстанға келген қандастардың жартысынан астамы (76,9%) Өзбекстаннан, 10,7%-ы ҚХР-дан, 5,4%-ы Түрікменстаннан, 2,9%-ы Моңғолиядан және 4%-ы басқа елдерден келген.
Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (31%), Түркістан (15,8%), Маңғыстау (15,9%) және Жамбыл (7,8%) облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында (11,4%) қоныстанды.
Ағымдағы жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылардың саны 57,2%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші адамдар 24,6%-ды және зейнеткерлер 18,2%-ды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінде білім деңгейі бойынша 11,1%-ының жоғары, 39,8%-ының арнайы орта, 45%-ының жалпы орта білімі бар және 4,1%-ының білімі жоқ.