Қазақстанның үздік теннисшісі Елена Рыбакина жаңартылған WTA рейтингінде бір сатыға жоғарылап, енді алтыншы орында тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ Sports24.kz-ке сілтеме жасап.
Өткен аптада Рыбакина Токиода өткен турнирдің жартылай финалына дейін жеткенімен, жарақатына байланысты жарысты жалғастыра алмады. Соған қарамастан, оның нәтижесі алғашқы ондықтағы орнын нығайтуға және WTA маусымдық финалдық турниріне қатысуға мүмкіндік берді.
Рейтингтің көшін бұрынғысынша Беларусь өкілі Арина Соболенко бастап тұр. Екінші орында – польшалық Ига Швентек, ал үздік үштікті америкалық Кори Гауфф түйіндейді.
Қазақстандық тағы бір спортшы Юлия Путинцева жеті саты төмендеп, қазір 76-орында орналасқан.
Жұптық разрядта Чехия теннисшісі Катержина Синякова бірінші орынды сақтап қалды. Екінші орында – америкалық Тейлор Таунсенд, ал үшінші орынды италиялық Жасмин Паолини мен Сара Эррани бөлісіп тұр.
Қазақстандықтар арасынан жұптық рейтингте Анна Данилина 13-орынды ұстап тұр, Юлия Путинцева – 104-орында, ал Жібек Құламбаева – 134-орында.