Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Қытайдың Нинбо қаласында өткен теннис турнирінде екінші жыл қатарынан чемпион атанды. Финалда отандасымыз канадалық Лейла Фернандесті 6:2, 6:2 есебімен жеңді. Осылайша, Рыбакина былтырғы 500 рейтингтік ұпайын сақтап, 185 500 доллар сыйақыға ие болды.
24 жастағы солақай теннисші Лейла Фернандес Рыбакина үшін оңай қарсылас емес. Бүгінгі финалға дейін екеуі өзара бес рет кездесіп, оның үшеуінде Елена жеңіске жеткен. Соңғы екі матчта да қазақстандық теннисші басым түсті. Ол Токиодағы хард төсенішіндегі және Штутгарттағы грунт кортындағы кездесулерде жеңіске жеткен еді.
Алтыншы кездесуінің алғашқы сетінде Рыбакина 37 минут ішінде 6:3 есебімен басым түсті. Ол бесінші және жетінші геймдерде Фернандестің доп беруін сәтті қабылдап, екі рет брейк жасады.
Екінші сетте де Рыбакина қарсыласынан ойынның басым бөлігінде басым болды. Үшінші геймде брейк жасап, одан кейінгі геймде сегіз рет «больше – меньше» жағдайында ойнап, артықшылығын сақтап қалды – 3:1. Сеттің соңына қарай қазақстандық теннисшіні тоқтату мүмкін болмады. Кездесу 1 сағат 16 минутқа созылып, 6:2, 6:2 есебімен аяқталды.
Матч статистикасы бойынша, эйс саны – 3:2, қос қателік – 2:3, жеңіп алынған ұпайлар – 59:41.
Осы жеңісінің арқасында Қазақстанның бірінші ракеткасы мансабындағы 18-ші турнирде чемпион атанып, биылғы маусымдағы төртінші титулын жеңіп алды.