Елена Рыбакина Чехиядағы ірі жарыстың жартылай финалына шықты

8 Қазан 2022, 07:41
1402
Бөлісу:
Елена Рыбакина Чехиядағы ірі жарыстың жартылай финалына шықты

Қазақстанның бірінші, әлемнің 26-ракеткасы Елена Рыбакина Острава (Чехия) WTA 500 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Рыбакина ширек финалда әлемнің 20-ракеткасы, чехиялық Петра Квитовамен шеберлік байқасты.

Петра Квитова – 2011 жылы Уимблдонда үздік шығып, дүниежүзілік рейтингте 2-орынға дейін көтерілген тәжірибелі теннисші. Ал Рыбакинаның биыл Уимблдон жарысында топ жарғаны белгілі.

Бірінші партияда қазақстандық теннисші тай-брейкте сәттірек ойнады – 7:6 (7:5).

Екінші сетте есеп 3:3 болған мезетте Елена брейк жасап, сосын өз геймін де алды – 5:3. Содан кейін бірінші матчболын құр жіберген жоқ – 6:4.

Екі сағатқа созылған тартысты матчта Е.Рыбакина 11 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды.

Елена Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 23-ракеткасы, тағы бір чехиялық Барбора Крейчиковамен таласады. Ол ширек финалда рейтингте 144-сатыдағы америкалық Алисия Парксті сүріндірді – 7:6 (9:7), 6:3.

Өзгелердің жаңалығы