Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Электросамокатқа нөмір мен сақтандыру міндеттеледі: Мәжіліс жаңа нормаларды бекітті

3 Желтоқсан 2025, 16:01
262
Бөлісу:
 pexels.com
Фото: pexels.com

Мәжіліс депутаттары "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" заң жобасын және оған қатысты заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың айтуынша, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске петицияға қойылатын талаптарды күшейтетін түзетулер енгізілді.

Қоғамда тұрақсыздық туғызуы мүмкін теріс пайдалану жағдайларын болдырмау үшін петицияның нысанасы бола алмайтын мәселелердің тізімі нақтыланып, кеңейтілді. Атап айтқанда: қоғамдық моральға қатысты, жеке және заңды тұлғалардың ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді бұзуға әсер ететін, амнистия мен кешірім беру, соғыс, зорлық-зомбылықты насихаттау, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру, экстремизм, сепаратизм және өзге де әрекеттер, есірткі құралдарын тарату немесе оны насихаттау секілді сұрақтар петицияға негіз бола алмайды. Бұл құқықтық кепілдіктерді күшейтіп, петиция платформасын деструктивті қолдануды болдырмайды, – деп атап өтті депутат.

Сонымен қатар сот орындаушылары арасында атқарушылық құжаттарды бөлу тетігі қайта қаралды. Қолданыстағы жүйе рәсімнің тым жеңіл болуы, заңнамадағы олқылықтар, нотариустар, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлардың теріс әрекеттері себебінен түрлі «сұр схемалардың» құралына айналған.

Жаңа алгоритм атқарушылық құжаттарды, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар істерді, сот орындаушылары арасында біркелкі автоматты бөлу рәсімін енгізеді. Атқарушылық құжатты жеке сот орындаушысына тікелей беру мүмкіндігі жойылады.

Жергілікті мемлекеттік басқару құрылымында балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уәкілетті орган құрылады. Сонымен бірге оған бағынышты бөлімдер облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және елордада жұмыс істейді. Мемлекеттік органдар балалардың құқықтарының бұзылуы немесе тәуекелі анықталған жағдайда, әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасалғанда өңірлік уәкілетті органды дереу хабардар етуге міндетті, – деді Магеррам Магеррамов.

Жолдағы қозғалысқа қатысушы азаматтарды, соның ішінде балаларды жалға берілетін электросамокат жүргізушілерінің заңсыз әрекеттерінен қорғау үшін электр самокаттар көлік құралдарының қатарына енгізіліп, оларды басқару үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру және тіркеу нөмірін алу талап етіледі. Бұл талаптарсыз жол қозғалысына қатысу заңсыз болады.

Бұдан бөлек, балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган ақылы автомобиль жолдарын пайдалану үшін төлемнен босатылады.

Әкімшілік жауапкершілік мыналарға енгізіледі:

  • табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелерінде мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың бақылау жүргізбеуі;
  • жолдың жүру бөлігінде электр самокаттарды құқық бұзушылықпен басқаруға тұлғаларды жіберу;
  • жеке сот орындаушысының соттың жеке қаулысы, прокурор, тергеуші немесе анықтаушының ұйғарымы бойынша шара қолданбауы;
  • балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті орган қызметкерінің заңды қызметіне кедергі келтіру;
  • қоғамдық орындарда адам бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім үлгісін қолдану талаптарын бұзу.

Сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудан мен облыс маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына қалалар мен елді мекендердің аумағын абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін, сонымен қоса инфрақұрылым нысандарын бүлдіру, жасыл желектерді жою немесе зақымдау фактілері бойынша әкімшілік іс қозғау құзыреті беріледі. 

Өзгелердің жаңалығы