Платформалық жұмыспен қамту және электронды сауда алаңдары бойынша пилоттық жоба дайындалып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалардың кірістерін салықтық әкімшілендіру»тақырыбында өткен брифинг барысында Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Данияр Жанәлінов айтты.
Қазір 2 пилоттық жоба дайындалды. Біріншісі, платформалық жұмыспен қамту бойынша пилоттық жоба, ол қазірдің өзінде іске асырылуда. Екіншісі, электрондық сауда бойынша жоба, 1 шілдеден бастап жоспарлануда,- деді Данияр Жанәлінов.
Платформалық жұмыспен қамту бойынша пилоттық жоба қазірдің өзінде іске асырылып жатыр. Салық органдарының, Еңбек және Цифрлық даму министрліктерінің ақпараттық жүйелерінің және «Яндекс» интернет-платформасының интеграциялық жұмыстары жүргізіліп, олармен келісімге қол қойылған.
Бұл өте үлкен жұмыс. Өздеріңіз білетіндей, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде, мысалы, такси қызметін көрсету кезінде такси жүргізушісі міндетті түрде кәсіпкер болуы немесе таксопарк штатында болуы керек. Әрине, егер төлем сомаларын салыстырсаңыз, дара кәсіпкер ретінде тіркелу тиімдірек болады. Бүгінгі күні такси жүргізушілерінің көпшілігі заң алаңынан тыс. Осы қызмет түрі бойынша барлығы елімізде 16 811 дара кәсіпкер тіркелген. Басқалар дара кәсіпкер де емес, таксопарктердің қызметкерлері де емес, тиісінше әлеуметтік жағынан қорғалмаған,-дейді ол.
Оның айтуынша, пилоттық жоба шеңберінде дара кәсіпкерлікті қарапайым және түсінікті интерфейсте тіркеуден тікелей серіктестік интернет-платформаға өтуге болады. Кейіннен кәсіпкер дербес есеп айырысудан және салық төлеуден босатылады. Мұның бәрін ол үшін интернет-платформа жасайды.
Айта кетейік, жаңа салық кодексі шеңберінде тек интернет-платформаларда жұмыс істеген кезде дара кәсіпкерлікті тіркеуді алып тастау мәселесі қаралады, азамат жай ғана тәуелсіз қызметкер болады.