Электронды порталға бір мезетте 15 млн адам кірді – министр

4 Сәуір 2020, 13:45
1278
Бөлісу:
Электронды порталға бір мезетте 15 млн адам кірді – министр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Әдетте порталға бір сағатта 600 мыңдай адам кіріп жүрсе, қазір бір мезетте 15 миллиондай адам кіріп жүр. Бұл туралы ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев брифинг барысында айтты.

Министр елімізде төтенше жағдай енгізілгелі әріптестері барлық ресурстарды іске қосып, барынша жұмыс істеп жатқанын айтты. Сонымен қатар, соңғы күндердегі электорнды үкіметтің жұмыс істеу мүмкіндігі туралы баяндады.
ХҚКО-лар жабылғаннан кейін портал штаттық режимде жұмыс істеді. Төтенше жағдайға байланысты порталды пайдаланушылар саны бірден көбейді. Осыған қарамастан портал штаттық режимде жұмысын жалғастырды. Миллионнан астам электрондық қызмет көрсетілді. Жаңа қызметті іске қосып жатырмыз. Әдетте порталға бір сағатта 600 мыңдай адам кіріп жүрсе, қазір бір мезетте 15 миллиондай адам кіріп жүр. Бұның бәрі үлкен жүктеме, - деді министр. 

Сондай-ақ, ол порталға кіретіндердің басым көпшілігі Еңбек министрлігінің жәрдемақы тағайындау жөніндегі өтінішіне жүгінушілер екенін айтты. 
Бұл регламент 28 наурызда бекітіліп, бізге жеткізілген. Осы бағытта біз IT мамандармен бірге түнімен жұмыс істеп, бұл регламентті іске асыруға күш жұмсадық. Жалпы мұндай қызметтер ұзақ мерзімде жасалады, көптеген тексерістен өтіп, тестіленеді. Бірақ бізде оған уақыт болған жоқ. Яғни түнімен жасап, таңертең бұл жобаны іске қостық. Дегенмен бір мезгілде 15 миллиондай адам кірген кезі болды. Ол порталдың жұмысына кері әсер етті. Сондай-ақ, ақпараттық шабуылдар да жасалды. Мамандарымыз оған төтеп бере алды, - деді ол. 
Оның айтуынша, екі күн ішінде белгілі мөлшерде қызмет көрсетілген. Алайда бұл мемлекет басшысының аталған жәрдемақыны жылдам беру тапсырмасын орындауға жеткіліксіз болып отырған көрінеді.
Осыған байланысты біздің министрлік Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне бұл регламентті өзгерту бойынша өтінішпен шықты. Яғни бұл регламент тізімінен электронды қолтаңбаны қолдануды алып тастау және Еңбек және әлеуметтік министрлігінде бар мәлімет бойынша тағайындауды ұсынып отырмыз, - деді Жұмағалиев. 
Қазіргі таңда 450 мыңдай азамат жәрдемақыға өтініш білдірген. Оның ішінде 76 мың азамат төлем жасалатыны туралы СМС хабарлама алған. Ал 60 мыңнан астам азаматтың карточкасына 42 500 теңге аударылыпты. 
Сондай-ақ, ел азаматтарынан күн сайын Call-орталыққа 600 мыңдай қоңырау келіп түседі. Әдетте ТЖ дейін Call-орталықтарының жүктемесі 25-30 мың аралығында болды. Қазір ХҚКО-ның басқа қызметінде істеген қызметкерлері Call-орталықтың жұмысына тартылып отыр, - деп баяндады ол.

Өзгелердің жаңалығы