Электр тоғы да, интернет те, қоқыс жәшіктері де жоқ – сенатор Сұлтан Дүйсембинов

14 Қыркүйек 2023, 11:55
1461
Бөлісу:
Электр тоғы да, интернет те, қоқыс жәшіктері де жоқ – сенатор Сұлтан Дүйсембинов
Фото: Артём Чурсинов - архив

Сенаттың жалпы отырысында Сенатор еліміздегі туризм проблемасын айтып, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сұлтан Дүйсембинов, туризмді дамыту еліміздің экономикалық өсуінің маңызды факторы екенін атады. Әрбір екінші шетелдік турист бір жұмыс орнын ашуға ықпал ететін жеткізді.

Дүниежүзілік туристік ұйымның мәліметтері бойынша туризм экономиканың мұнай өндіруден кейінгі екінші рентабельді секторы болады екен. Қазақстанда табиғи парктерде экотуризмді дамытуға зор мүмкіндік бар. Алайда, тиісті инфрақұрылымның болмауы бұл процесті шектеп отыр, - деді сенатор.

Сондай-ақ демалыс орындарына келушілерге жағдай жасалмағанын да атап өтті.

Оның айтуынша, жазғы демалыс уақытында Алакөл жағалауындағы демалыс аймақтарында электр энергиясы қуатының жетіспеушілігі байқалады, интернет пен байланыс сапасы сын көтермейді, жағалауларды бекіту жұмыстарын жүргізуге бөлінген қаражат 3 жылдан бері игерілмей келе жатыр. Есік көлінің аумағында жеке гигиена пункттері, қоқыс жәшіктері, көрнекі ақпараттық стендтер мен нұсқаулықтар, телефон байланысы мен интернет секілді қарапайым қажет жағдайлар жасалмаған, демалыс объектілері абаттандырылмаған.

Сенатор туризмді дамытуға қандай жағдайлар кедергі болып жатқанын да тілге тиек етті.

Мемлекет тарапынан туризмді нақты дамытуға жағдай жасайтын бағдарламаның, тиісті жүйенің жоқтығы, мемлекеттік органдардағы бюрократия, ұлттық парктер мен туризм саласын реттейтін заңдар арасындағы үйлесімдіктің жоқтығы кедергі болуда, осы саладағы бизнес өкілдері өз бетінше тіршілік жасап жатқандарын байқаймыз. Сондықтан туризмді экономиканың толыққанды драйверіне айналдыруға нақты жағдай жасайтын, еліміздің туристік әлеуетін толық пайдалануға бағытталған жаңа мемлекеттік бағдарлама әзірлеу ұсынылады, - деді Сұлтан Дүйсембинов.

Өзгелердің жаңалығы