Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ертең, яғни 1 шілдеден бастап электр энергиясы қымбаттайды. Энергетика министрлігі мұндай әрекетке неліктен барып отырғанына байланысты "Орта Азиялық электр энергетикалық корпорациясы" АҚ бас директорының бірінші орынбасары Дүйсенбай Тұрғанов жауап берді.
Әуелі, отын бағасы қымбат. Оны тасымалдауға кететін шығын тағы бар. Электр энергиясын өндіруші компаниялардың шығындары көп. Егер бағаны көтермесе, оларға қиын. Сосын арты жұмыстан қысқартуға алып келеді. Министрлік бағаны көтеру арқылы 44 энергия өндіруші ұйымның өндірістік қызметкерлерінің 27 мың жұмыс орнын сақтап қалуға мүмкіндік беретінін айтты. Өздеріңіз білесіздер, елде үш жылдан бері электр энергиясының тарифі көтерілген жоқ, - дейді Дүйсенбай Тұрғанов.
Ол осы ретте электр энергиясын жаңартып отыру қажеттігін, оған қаржы қажет деп отыр. Сондықтан тарифті көтеруден басқа амал жоқ дейді.
Ел үкіметі 2020 жылдың соңына дейін экономикалық өсім жөніндегі кешенді жоспарды қабылдады. Алайда осы кешенді жоспарға электр энергетикасы саласы кірмей қалып отыр. Бұл салаға үкімет тарапынан қолдау жоқ, сондықтан тарифті көтеруден басқа амал жоқ. Үкімет көмектескенде елді қинап, тарифті көтермеуі мүмкін еді. Электр энергиясын өндіруші компанияларға салықтық жеңілдіктер жасап, жеңілдетілген несие берсе әңгіме басқа. Техникалық құрал-жабдықтарды жаңартып тұрмаса тағы болмайды. Ал олай етпесек, істен шығуы да мүмкін. Сосын жарық, интернет, жылу бәрінен айырылып отырамыз, - дейді сарапшы.
Ол елдегі карантиндік шектеулерге байланысты күз-қысқы маусымға дайындық жүргізу оңай болып жатпағанын айтып отыр.