Франция астанасы Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындары барысында дзюдошы Елдос Сметовтің жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев эксклюзивті сұхбат берді деп, хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Спорт журналист Аслан Қаженовке сұхбат берген Ғалымжан Жылгелдиев шәкіртінің Олимпиада алдындағы қиындықтары туралы айтады.
Елдосты 2012 жылғы Олимпиада ойындарына дайындадық. Одан кейін 2016 жылғы Рио, 2021 жылғы Токио додасына қостық. Осылай ақырындап мақсатқа жеттік. Кішкентайынан ызақор болатын. Сонысын біліп, әдейі ызаландыратынмын. Ызақорлығы Елдостың мінезін қайрады, - дейді Ғалымжан Жылгелдиев.
Тек шәкірт ретінде емес, әке мен бала сияқты жақын болған.
Бала «әкем не дейді екен» деп аузына қарап отырады ғой. Елдосты баламдай көрем. Керек кезде мақтаймын, қажет кезде ұрысып та аламын. Сүйектен өткізіп айтатын уақытым да болады. Қалжыңдасып та жүреміз. Кейінгі уақытта «Елдос, сенің өзіңнің бес балаң бар, саған қашанғы ұрса беремін» деп қалжыңдасатын болдым,-дейді жеке бапкер.
Айта кетейік, Олимпиада ойындарының алдында Елдос Абу-Дабиде өткен әлем чемпионатына қатысып, 5-орын алады. Сол сәтсіздіктен кейін жанкүйерлердің ғана емес, мамандар арасында да үлкен дау болып, Олимпиада ойындарында Қазақстанның намысын кім қорғайды деген мәселе көтерілді. Нәтижесінде Алматыда басты үміткер үш дзюдошы Елдос Сметов, Нұрқанат Серікбаев және Мағжан Шамшадин арасында қосымша іріктеу бәсекесі өтті.
Үш үміткерді күрестіру туралы әңгіме шыққанда Елдос бұлқан-талқан болды. Мен де ашуландым. Екеуміз де демалыста болатынбыз. Ақыры сабырға келіп, Елдосқа күресесің дедім. Олар да жау емес. Елдостың өзінің інілері. Біршама жас дзюдошылар. «Біреуін оңға таста, екіншісін солға лақтыр» дедім,-дейді Ғалымжан Жылгелдиев.
Іріктеу жекпе-жегінде Елдос екі дзюдошыны да жеңіп, елдің атынан Париж Олимпиадасынат қатысуға мүмкіндік алады.
Екі жыл бұрын Қазақстанған Франциядан мамандар келіп, ұлттық құрамаға кеңесші-бапкер ретінде біздің дзюдошыларды жаттықтыра бастады. Басында мен де көрсін дедім. Бірақ бағдарламасы өзіме ұнаған жоқ. Бізді жақындатпады. Содан Елдостың өзі «маған бұл бағдарлама ұнап тұрған жоқ, сізбен дайындалам» деп төтесінен айтты. Алайда шәкіртімнің қасында жүруіме көп адамдар қарсы болды. Жанына жолатпауға тырысты. Сол кезде төраға Ербол Мырзабосынов (ҚР Спорт және туризм министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – автор) көмектесті. «Ғалымжан, сізге не керек? Қандай жағдай керек? Өзіңізге сенеміз» деп маған Елдосты жеке шығарып берді. Жаттығуымызға барлық жағдайды жасады. Тіпті, Олимпиаданың өзінде жарыс өтіп жатқан залға кіріп-шығуымызға дейін көмектесті, - дейді ол.
Оның айтуынша, Сметов Олимпиададан кейін де спорттан кетпеуі қажет. Олимпиада чемпионын тәрбиелеген маман әлі де Елдосты ел спортына берері мол дзюдошы деп есептейді.
Айта кетейік, Елдос Сметов 2016 жылы Рио Олимпиадасында 60 кг салмақта ел намысын қорғап ресейлік Беслан Мудрановқа жеңіліп, Олимпиаданың күміс жүлдесін иеленді. Екінші рет Токио Олимпиадасына барды. 60 келі салмақта сынға түскен Елдос Сметов жұбаныш белдесуде Нидерланд өкілі Торние Цакаджоені жеңді. Жеңімпаз қосымша уақытта анықталып, Елдос «ваза-ари» ұпайын иеленіп, қола жүлдені қанағат тұтты. Париж-2024 Олимпиадасында алтын жүлде алып, чемпион атанды.