Дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов Қазақстанға оралып, елордалықтарға үндеу жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құрметті қазақстандықтар, баршаңызға қайырлы күн! Мен Астанаға келдім және сіздерді ертең басталатын турнирді қолдауға шақырамын. Біздің спортшыларға бірге қолдау көрсетейік. Мен елордаға спортшыларымызды қолдау үшін арнайы келдім, – деді спортшы.
Дзюдошы 4 айға Англияға тіл үйрену курсын оқуға кеткен еді. Ол Астана тұрғындарын 9-11 мамыр аралығында өтетін Grand Slam турниріне барып, спортшыларды қолдауға шақырды. Турнир Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді.
Елімізде үшінші рет өткізілетін додада 47 елден 400-ге жуық дзюдошы бақ сынайды. Қазақстан намысын 40 спортшы қорғайды. Татами шеберлерінің арасында Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев пен Grand Slam-ның 8 жүлдегері бар.
Қазақстан дзюдо федерациясы мәліметінше, турнир қорытындысы бойынша IJF ережелеріне сәйкес, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге әлемдік және олимпиадалық рейтингке ұпайлар беріледі. Атап айтқанда, бірінші орын алған спортшыға – 1000 ұпай, екінші орынға – 700 ұпай, ал үшінші орынға – 500 ұпай жазылады.
Еске салайық, 2023 жылы Қазақстан дзюдо федерациясы Халықаралық дзюдо федерациясымен (IJF) төрт жылдық келісімшартқа қол қойған болатын. Бұл келісім бойынша Қазақстан 2026 жылға дейін Grand Slam сериясындағы турнирлерді қабылдайды.