Елдес Орда: Жер сілкінісінде бізге ғылым ғана көмектеседі

24 Қаңтар 2024, 09:46
648
Бөлісу:
Елдес Орда: Жер сілкінісінде бізге  ғылым ғана көмектеседі
Фото: https://www.facebook.com/ Елдес Орда

Алматыдағы жер сілкінісінен соң қоғамда түрлі пікір тарап жатыр. Түркітанушы, тарихшы Елдес Орда жер сілкінісіне діншілдерді де, халықты да кінәләмау керектігін айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ. тілшісі.

Бірінші, Алматы жер сілкініс белдеуі аймағына жатады, ол ғылымда әлдеқашан дәлелденген, оған құмалақ ашып жаңалық айтудың керегі жоқ. Жер кеше сілкінген, бүгін сілкінді, түптің түбінде ертең де сілкінеді және сілкіне береді. Жер - күнәнің көптігі үшін сілкінді деп аңыраған жұртқа құрғақ ақыл айтатын қаймана уағыз қай қоғамда болсын табылады, жер - атеист пен тәңіршілге "Аллаһты еске салды" дейтін міскін ой, асығыс тұспал қай жамағатта болсын табылады, бірақ табылмай тұрғаны ғылым, мән берілмей тұрғаны да осы, - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ол  елімізде осы саланы зерттеп жатқан ғалымдардың ғылыми қорытындыларына зейін қоюға шақырады.

«...Бізде отандық нақты ғалымдар бар жер сілкінісі туралы ғылыми зерттеу еңбектерін жазып академиялық тұспалдар жасап жатқан. Жер сілкінген жағдайда және болжамды сілкініс кезеңдерінде неге сол ғалымдармен санаспаймыз? Қаншама құрылыс компаниялары тұрғызған тұрғын үй кешендері бар, қай кешен сілкініске қаншалық жарамды? Біліп, тексеріп жатқан біреу бар ма?, - дейді Елдес Орда.

Жер сілкінісінің болуы тұрақты жағдай, ол бүгінде, ертең де сілкінетінін тағы атап өткен маман Жапонияның тәжірибесіне сүйенуді ұсынды.

Жер сілкінген жағдайда біздің қоғам нақты салалық ғалымдарды көбірек басшылыққа алуы тиіс. Жапондар жүз жылдан бері солай істеді. Әр жойқын сілкіністен сабақ ала отырып адам шығыны мен материалдық шығынды ең төменгі шекке дейін азайтты. Жапондар жер сілкінген жағдайда "молданы, әулиені" іздеген жоқ, нақты инженер ғалымдарды басшылыққа алды, сол үшін жапон қоғамында миф тараған жоқ. Ал бізде ше? Мифтің жетпіс жеті атасы тарап онсызда аңыраған жұртты кеміріп жеп жатыр, - дейді тарихшы.

Оның пікірінше, мұндай жағдайларда бізге тек ғылым ғана көмектеседі.

Әр саланы өз мамандары зерттеп, сын-пікір айтуы тиіс. Елдің басына күн туса бізге молда да, шоумен де, тиктокер де, әнші де көмектеспейді, бізге нақты ғылым көмектеседі. Барлық ситуациядан ащы сабақ ала отырып елдің ертеңі, халықтың қауіпсіз, алаңсыз өмір сүруі үшін нақты шешімдер қабылдауымыз керек. Сонда біз күтпеген апатты жағдайда адам шығыны мен материалдық шығынды ең төменгі шекке дейін азайта аламыз, - дейді Елдес Орда.

Өзгелердің жаңалығы