Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтанда 12 мамырдан бастап өткен «Мигрант» жедел-алдын алу іс-шарасы қорытындыланды.
Аталған іс-шара көші-қон тұрақтылығын одан әрі қолдау, көші-қонның елордадағы криминогендік жағдайға қолайсыз әсер ету қаупін азайту мақсатында өткізілді.
Мобильді топтар шетел азаматтарының заңсыз болуы мүмкін жерлерді тексерді. Құрылыс нысандары, пәтерлер, қонақ үйлер және азаматтар көп жиналатын орындар тексерілді.
Жедел алдын алу іс-шарасын жүргізу барысында Қазақстанда болу ережелерін бұзғаны үшін 1133 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 124-і елден шығарылды, оның ішінде 8 шетелдік азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен шығарылды.
Полиция шетелдіктер тарапынан негізгі бұзушылықтар Қазақстанға келудің, кетудің және болудың белгіленген тәртібін бұзу болып табылатынын атап өтті.
Сондай-ақ, Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін ел 264 азаматы әкімшілік жауапкершілікке, оның ішінде 200-ден астамы шақырылған шетелдіктердің белгіленген келу қағидаларын сақтамағаны үшін, 57 адам шетелдік жұмыс күшін тарту қағидаларын бұзғаны және шетелдіктің еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырғаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар жедел алдын алу іс-шарасы аясында ПД қызметкерлері мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені үшін ҚК 392-бабы бойынша шетелдік азаматтарға қатысты 2 қылмыстық іс қозғады.
Мысалы, 2022 жылдың 15 мамырында «Сарыарқа» ауданының полиция қызметкерлері көрші республиканың азаматын ұстады. Құжаттарды тексеру кезінде аталған азаматтың Қазақстан Республикасының бақылау-өткізу пункттерін айналып өтпекші болғаны, яғни Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткені анықталды. Осылайша, шетелдіктің әрекеттері ҚК 392-бабының 1-бөлігінде қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады.