Еліміздегі зертханалық талдаулар мен диагностиканың қолжетімділігі 7 есеге артқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
2019 жылы 20 миллионға жуық бейінді мамандардың консультациясы мен диагностикалық зерттеулері жүргізілді. Алайда, өткен жылы бұл цифр 142 миллионға дейін өсті, яғни 7 есеге көп. Бұл ретте дәрігерлердің қабылдауының, зертханалық талдау және аспаптық диагностика жүргізудің 7 есеге өскенін көрсетеді. Мысалы, стоматологияны алсақ, 2019 жылы 3 миллионға жуық стоматологиялық қызмет көрсетілді, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 13 миллионға дейін, яғни шамамен 5 есеге өсті. Бұл стоматологиялық көмектің адамдарға қолжетімді болғанын көрсетеді, - деп атап өтті ведомство басшысының орынбасары.
Сонымен қатар ол елдегі 11 млн бала тістерін тегін емдетті деп отыр.
Қазіргі кезде біздің балаларымыз тістерін тегін емдей алды, оларға 11 млн. қызмет көрсетілді. Ересек тұрғындарға, оның ішінде, жүкті әйелдерге, мүгедектерге, зейнеткерлерге, көп балалы аналарға және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтарына көрсетілетін стоматологиялық қызметтер шамамен 28 есеге немесе 50 мыңнан 1,5 млн-ға өсті, - деді вице-министр.