Төтенше жағдай. Елдегі кейбір кәсіпорындардың қызметі қайта қаралады

2 Маусым 2020, 20:35
1104
Бөлісу:
Төтенше жағдай. Елдегі кейбір кәсіпорындардың қызметі қайта қаралады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Короновирус пандемиясына байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде елімізде көптеген компания, кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметін қайта қарауға тура келді.

Аурудан қорғану құралдарына деген ішкі қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында өңдеуші өнеркәсіптің кейбір салаларының қызметі қайта бағдарланды. Мысалы, этил спиртін өндірушілер дезинфекциялау құралдарын өндіруге қайта бағытталып, нәтижесінде өндірістің тәуліктік көлемі 170 мың литрге жетті. Тігін өнімдерін өндірушілер медициналық бетперделер өндірісін жолға қойып, өнім көлемін тәулігіне 200 мың данадан 1 млн данаға дейін, яғни 5 есеге ұлғайтты, - делінген ИИДМ таратқан ақпаратта.

Сондай-ақ, тұрмыстық химия, оның ішінде үйге арналған тазалау және жуу құралдары шығарыла бастады.

Экономикалық өсімді қалпына келтіру мақсатында Үкімет 2020 жылдың соңына дейін кешенді жоспар қабылдады. Онда өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдау үшін бірқатар іс-шара көзделген.

"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында 219 млрд теңге сомасына 268 жоба мақұлданды. Басым жобаларды қаржыландыру үшін осы бағдарлама шеңберінде қаржыландырудың жалпы көлемі 400 млрд теңгеге ұлғайып, 1 трлн теңгеге дейін жеткізілді.

Жалпы, индустриялық даму шеңберінде қойылған барлық міндеттер орындалып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы