БҰҰДБ мен Қазақстандағы БҰҰ Әйелдер ұйымы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен "Қазақстандағы гендерлік теңдікті және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге қоғамдық көзқарас" талдамалық есепті таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, есеп еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар үш қаладан 3800 респондент арасында жүргізілген сауалнама деректеріне негізделген.
Есеп гендерлік теңдікті ілгерілету мен гендерлік стереотиптерге қарсы тұру үшін тиімді стратегияларды әзірлеу және қабылдау үшін ұлттық серіктестер пайдалана алатын өзекті ақпараттың құнды ресурсы саналады. Мұндай сауалнама Қазақстанда алғаш рет өткізілді, - деді БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі басшысының міндетін атқарушы Дина Амришева.
Гендерлік алшақтық индексі бойынша халықаралық рейтингте Қазақстан 2023 жылы 62-орынға ие болып, 2022 жылмен салыстырғанда позицияны 3 тармаққа жақсартты.
Біліктілікті одан әрі жетілдіру, гендерлік саясатты жүйелеу үшін біз БҰҰДБ-мен бірлесіп, гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік секторды сертификаттау бойынша жұмысты бастадық. 2024-2025 оқу жылында Қазақстанның 2 жоғары оқу орнында магистратура және "Гендерлік зерттеулер" академиялық курсын енгізу жоспарлануда, - деді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов.
Айта кетейік, зерттеу жағдайды өзгерту үшін, оның ішінде қоғамның осы мәселе туралы хабардарлығын арттыру, білім беру бағдарламалары арқылы жастарды тарту, заңнамалық шараларды күшейту, зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге қолдау көрсету инфрақұрылымын құру және жалпы барлық деңгейлерде мемлекеттік қолдау көрсету арқылы бірқатар ұсынымдар береді.