Елдегі эпидахуал. Шектеу шаралары енгізіле ме?

19 Шілде 2022, 17:57
1889
Бөлісу:
Елдегі эпидахуал. Шектеу шаралары енгізіле ме?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.   Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. 

Комиссия жұмысына орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, өңірлердің басшылары және "Атамекен" ҰКП өкілдері қатысты. 

Қазақстанда соңғы аптада коронавирустық инфекциямен сырқаттану 3,2 есеге өсті. Олардың ішінде ауырғандардың 89%-ке жуығы екпе алмаған және соңғы 6 ай көлемінде ревакцинациядан өтпегендердің үлесінде. 

COVID-19 бойынша халыққа медициналық көмектің көрсетілуіне Нұр-Сұлтан қаласындағы БМСК ұйымдарына бару арқылы жүргізілген мониторинг нәтижелері айтылды.

 Қаланың 8 емханасында жүргізілген мониторинг емханалардың 12%-інде (жеке медициналық ұйымдар) сүзгі-кабинет жұмысының ағымдылығы ұйымдастырылмағанын, COVID-19 вирусына шалдыққан пациенттерге қашықтықтан мониторинг жүргізілмейтінін, дезинфекциялық, маскалық режимдер, әлеуметтік қашықтық сақталмайтынын көрсетті. 

Вице-премьер Ералы Тоғжанов Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне COVID-19 жұқтырған науқастармен жұмыс жүргізу алгоритмін сақтамайтын медициналық ұйымдарға тиісті шара көруді және осындай тексерулерді барлық өңірде жүргізуді тапсырды. 

Вакциналау деңгейі, айналымдағы «омикрон» нұсқасының ерекшеліктері мен денсаулық сақтау жүйесінің дайындығы ескеріле отырып, сырқаттанушылық көрсеткішін 100 мың адамға шаққандағы төсек-орындарының жүктемесі көрсеткішіне алмастырылып, 3 аймақ – жасыл, сары, қызыл аймақтарға бөле отырып, ағымдағы COVID-19-дың эпидемиологиялық ахуалын бағалау матрицасы өзектендірілді. 

Өзектендірілген матрица ағымдағы эпидемиологиялық жағдайларда халықтың және бизнес объектілерінің тіршілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Матрицаның өзектендірілгені ескеріле отырып, эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда шектеу шараларын енгізу шарттары қайта қаралды. 

Өңір жасыл аймақта болып, бірақ «R» саны жоғары болса, жабық орындар мен қоғамдық көлікте маска кию ұсынылады. 

Өңір сары аймаққа ауысқан жағдайда:

– науқаспен байланыста болғандарды қашықтан жұмыс жасау нысанына ауыстыру; 

– COVID-19 жұқтырған науқаспен байланыста болған COVID-19-ға қарсы екпеге түбегейлі қарсы көрсетілімдері бар қызметкерлерді қашықтан жұмыс жасау нысанына ауыстыру; 

– білім беру ұйымдарында топтарды біріктіре отырып, іс- шараларды өткізуді болдырмау (топтарда іс-шараларды өткізуге рұқсат етіледі); 

– объектілерде санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтау, объектілерде үй-жайларды күнделікті ылғалды жинау және желдету. 

Медициналық маскаларды тағуға кеңес беру:

– халық көп жиналатын орындарда (әуежайлар, тж вокзалы, автовокзалдар, базарлар, СОСО, сауда үйлері, театрлар, кинотеатрлар, ХҚКО, банктер, көрермендерді қатыстыра отырып өткізілетін спорттық шаралар); 

– ұйымдасқан ұжымдарда; 

– көліктің барлық түрінде (қоғамдық көлік, әуе, тж, халықаралық автобус тасымалдары). 

Сондай-ақ Ведомствоаралық комиссия "Атамекен" ҰКП-мен және мүдделі мемлекеттік органдармен қызыл аймаққа өту кезінде көзделген шараларды қосымша талқылауды тапсырды. 

Отырыс соңында Е. Тоғжанов мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге халықты вакцинациялау және ревакцинациялау жұмыстарын жандандыруды, сондай-ақ халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. 

Бизнестің қызметін шектеусіз қамтамасыз ету мақсатында "Атамекен" ҰКП кәсіпорын қызметкерлерін вакцинациялаумен және уақтылы қайта вакцинациялаумен қамту, бизнес нысандарында санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтауды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізуді ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы