Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг кезінде ҚР Денсаулық сақтау министрінің кардиология бойынша кеңесшісі, "Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы" АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Махаббат Бекбосынова айтты.
Коронавирус бар амбулаторлық науқастарды медициналық бағыт бойынша бақылайтын жедел топ бұйрыққа сәйкес 10 маусымда құрылды. Дегенмен, амбулаторлық желідегі жұмыстар бұрыннан жасалып келеді. Бұл жедел топ симптомсыз науқастармен жұмысты күшейту мақсатында жасақталды. Әлемдік статистика бойынша симптомсыз науқастар жалпы вирус жұқтырғандардың шамамен 80%-ын құрайды. Қазіргі таңда елдегі амбулаторлық мекемелерде 465 мобильді топ бар. Олардың негізгі міндеті – вирустың ешбір белгілері байқалмаған науқастарды тіркеуге алу, вирустың жеңіл түрімен ауырған науқастарды тіркеу, созылмалы аурулары бар (жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, семіздік және т.б.) пациенттер және коронавирустың жеңіл түрімен ауырған және симптомсыз науқастармен жақын байланыста болғандар тізімін жасау, - деді ол.
Дәрігер вирустан қорғанудың, оны таратпаудың негізгі принципі оқшаулану екенін еске салды. Яғни, адамнан ЖРВИ белгілері анықталса (коронавирустың жеңіл түрі), ПТР-тест нәтижесінде ағзада вирустың бары нақтыланса, ең алғашқы қадам – оқшаулану болуы керек.
Күні кеше медициналық қызметтер сапасына арналған біріккен комиссия отырысы барысында амбулаторлық желіде ПТР-тест енгізуге қатысты төрт маңызды құжат қабылданды. Бұл – бастапқы медико-санитарлық көмек (БМСК) мекемелеріндегі пациенттерге арналған жадынама. Ол барлық амбулаторлық мекемелерге таратылатын болады. Жадынама пациенттерге аурудың алғашқы белгілерін байқау, ауру анықталған кезде не істеу керек деген сауалдарда таптырмас бағыттауыш құрал болады деген сенімдемін. Екінші – пациенттерге арнап чек-лист жасалды. Яғни, пациент үйде емделеді. Онымен видеобайланысқа шығу арқылы мобильді топ жұмыс істейді. Чек-листте көрсетілген температура, демнің тазалығы, жүрек соғысы, артериялық қан қысымы, дем алудың қиындығы, жөтел, кеуде тұсының ауыруы, жүректің ауыруы, диарея, құру сияқты ауру белгілері байқалса, ол адамның өзі де, онымен жақын байланыста болған барлық отбасы мүшелері де үй карантинінде болуы керек. Бұл – пневмонияның асқынуы және вирустың ауыр түріне айналып кетпеуінің алдын алады, - деді ол.
Махаббат Бекбосынованың айтуынша, бүгінде симптомсыз және вирустың жеңіл түрімен ауыратын науқастардың күнделікті статистика жасалып келеді. Қазіргі таңда 15 мыңдай адамнан вирустың симптомсыз түрі, екі мыңдай адамнан вирустың жеңіл түрі анықталған.
Бұл бағыттағы жұмыстар, ең алдымен, вирустың таралуының алдын алуға, оқшауланған адамдардың жағдайын бақылау және халықтың үрейін басу. Себебі, науқас дәрігермен күн сайын сөйлессе, сабырға келеді. Аурудың алғашқы белгілері байқалған кезде, үрейленбеу керек. Тек сабырға келіп, тиісті медициналық мекемелерге хабарласып, жағдайыңызды айту қажет. Әрине, амбулаторлық қызметтің кемшін тұстары да жоқ емес. Бұл бағытта біздің жасаған алғашқы қадамымыз – амбулаторлық саладағы барлық жоспарлы кеңес берулерді тоқтатып, тек шұғыл және COVID-19 мәселелерін қалдыруды сұрадық. Себебі, амбулаторлық қызметтің жүктемесі өте жоғары. Екінші қадам –24/7 режимінде жұмыс істейтін амбулаторлық қызмет құру. Яғни, БМСК деңгейінде жұмыс істейтін кезекші топ құру. Бұл топпен вирустың симптомсыз және жеңіл түрімен ауырған науқастар байланысқа шыға алады. Егер осы ұсыныстар қолға алынса, елдегі жағдай тұрақталады деген ойдамыз, - деді ол.
Айта кетейік, сараптамалық брифинг "КВИ жұқтырған симптомсыз науқастардың жағдайын алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету қызметінің бақылауы туралы" тақырыбы аясында өтті.