Ұлттық статистика бюросы Халықты жұмыспен қамту бойынша тақырыптық жинақты жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша халықты жұмыспен қамту бойынша кезекті жинақты шығарды (1-2 том). Жинақта салалар, жыныс және жас құрылымы бойынша жұмыспен қамту деңгейі жөніндегі көрсеткіштерді, сондай-ақ 2009 жылғы санақпен салыстырғандағы динамикалық өзгерістерді көруге болады. Жинақтың екі томы stat.gov.kz сайтының «Ұлттық санақтар» – «Санақ 2021» бөлімінде орналастырылған.
Жұмыспен қамтылған халық саны 39% өсті
2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша жұмыспен қамтылған халық саны 9 188 мың адам, 2009 жылғы санақпен салыстырғандағы өсім – 39,2%.
Жұмыспен қамтылғандардың негізгі үлесі қалалық елдімекендерде – жұмыспен қамтылған халықтың 62,5% немесе 5,7 миллионнан астамы. 2009 жылы қалалардағы жұмыспен қамтылған халықтың үлесі 55,3% немесе 3,6 млн адамды құраған. Жас тобы бойынша жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны 30-34 жас аралығында – 1 450 мың адам.
2009 жылғы санақ қорытындысымен салыстырғанда 2021 жылы жоғары білімі бар халықтың жұмыспен қамтылу үлесі 27,1%-дан 30,8%-ға дейін артты.
Жұмыспен қамтудағы әйелдердің үлесі 2009 жылғы 45%-дан 2021 жылы 48%-ға дейін немесе 1,4 млн адамға артты.
Салалар бөлінісінде жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны ауыл шаруашылығында – 1,41 млн адам немесе жұмыспен қамтылған халықтың 15,3% (17,9% – 2009 жылы). Одан кейін көтерме және бөлшек сауда – 1,35 млн адам немесе 14,7% (12,9% – 2009 жылы). Жұмыспен қамту бойынша үшінші орынды өнеркәсіп саласы алады – 1 млн адам немесе 11,1% (11,5% – 2009 жылы).
Барлық жұмыспен қамтылған халықтың ішінде ерлердің ең көп үлесі немесе 17% ауыл шаруашылығында, ал әйелдер бойынша негізінен сауда саласында – 16%.
Келесі тақырыптық жинақ 13 қарашада жарияланады.