Елде ТЖ-ға жедел ден қою үшін жаңа әскери бөлім құрылады

8 Желтоқсан 2022, 13:00
1207
Бөлісу:
Елде  ТЖ-ға жедел ден қою үшін жаңа әскери бөлім құрылады

Төтенше жағдайлар министрлігі «Төтенше жағдайлар министрлігінің кейбір мәселелері туралы» Үкімет қаулысының жобасын дайындады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 20982 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылсын, - делінген құжатта.

Құжатта көрсетілгендей әскери бөлім халықты, аумақты және экономика объектілерін түрлі авариялардан, табиғи және техногендік апаттардан қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ ТЖМ әскери бөлімдерінің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға жедел ден қою мүмкіндіктерін арттыру мақсатында солтүстік, оңтүстік, батыс және шығыс өңірлік қағидаты бойынша құрылады.

Ол Ақтөбе қаласында әскери бөлім құру және азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің штаттарын бекітілген үлгілік штатқа келтіру бойынша ұйымдық-штаттық реформа жүргізу көзделеді. 

Жобаны іске асыру республикалық бюджеттен 14,6 млрд теңге сомасында қосымша қаржылық шығындарды талап етеді (2023 жылы – 4,8 млрд теңге,  2024 жылы – 4,8 млрд теңге, 2025 жылы – 4,8 млрд теңге).

ТЖМ әскери бөлімдерін реформалау 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы