ПІБ МО ауруханасының Ядролық медицина орталығы жыл соңын жағымды жаңалықпен қорытындылап, төртінші – 18F-DOPA радиофармпрепаратты өндіріске енгізіп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстанда алғаш рет шығарылатын бұл препарат жаңа радиофармпрепаттар өндірісімен байланысты валидациялық іс-шаралардың барлық кезеңінен сәтті өтті. Отандық бұл препаратпен күрделі нейроэндокриндік онкологиялық патологияны ерте әрі нақты диагностикалауға болады. Елімізде бұл диагнозды анықтау патологиясы қиын болғандықтан, әлі күнге дейін оның статистикасы жүргізілмегенін атап өту керек.
Аурухананың Ядролық медицина орталығында қолданылып келетін 6 радиофармацевтикалық дәрілік препараттың 4-еуі бұған дейін Орталық мамандарымен өндіріліп, тәжірибеде оңды нәтиже беріп келеді. Яғни Орталықта өндірілетін 18F-FDG – фтордезоксиглюкоза, 18F-NaF – натрий фторид, 11C-Met – көміртек метионин, 18F-DOPA – дегидроксифенилаланин препараттары ПЭТ/КТ зерттеулерінің 20-дан астам түрін, ТМКБК және МӘМС шеңберінде бекітілген диагностика хаттамалары мен тарифтерді жүргізу үшін тиімді пайдаланылуда.
Сондай-ақ 2026 жылдың соңына дейін тағы 6 радиофармпрепарат өндірісін енгізу жоспарланып отырғанын атап өткен жөн.
ПІБ МО ауруханасының базасында 2022 жылы ашылған Ядролық медицина орталығы тиісті өндірістік практиканың (GMP) халықаралық талаптары бойынша жұмыс істейтін және елімізде осы саланың дамуына үлкен серпін беретін бірегей озық орталық болып табылады. Ең бастысы, орталық пациенттерге радиоизотопты диагностикалаудың уақытылы және жоғары мамандандырылған қызметтерін ұсынады.