Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы «Қоғамдық келісім» кеңесінің мүшелері елімізде өтетін кезектен тыс Президент сайлауына қолдау білдірді. Осы мақсатта түрлі этно-мәдени бірлестік өкілдері өз пікірлерімен бөлісті.
Бұл - ел тағдыры шешілетін маңызды сәт. Сол себепті Атырау халқы алдағы уақытта науқанда белсенділік танытуы тиіс.
«Жалпы сайлау деген демократиялық ұғым. Әр демократиялық елде сайлау болуы керек. Еліміз үшін өте маңызды сәт деп ойлаймын. Елбасымыз құрған Қазақстанды әрі қарай осы жолда дамытып, өркендетіп, өзге де елдерге жан жақты паш ете алатын білімді басшы болуын таңдауымыз керек», - деді Атырау облысы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы өзбек этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Акмаль Амиров.
«Светоч» этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Раиса Биткованың пікірінше, егер де шын лайықты адам таңдалса, ынтымағымыз одан сайын нығая береді.
«Елбасымыз секілді білікті саясаткер билікке келіп, ел басқаратын болса, еліміз одан әрі көркейе береді. Біз Қазақстанда тұрып жатқанымыз үшін өте қуаныштымыз. Мен өзімді қазақпын деп есептеймін. Елімнің болашағы үшін дауыс беремін. Бірлігіміз берік, ынтымағымыз нығая берсін», - деді Атырау облысы «Светоч» этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Раиса Биткова.