2023 жылғы тамызда 98,2 мың бірлік автокөлік құралы есепке қойылды1), бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,3% артты, алайда соңғы 12 ай ішіндегі ең төменгісі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осылайша, 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген автокөлік құралдарының саны 5085,4 мың, оның 87,9%-ы – жеңіл автомобильдер, 10%-ы – жүк автомобильдері және 2,1%-ы – автобустар.
Республика бойынша 4 249,4 мың жеңіл автокөлік жеке меншік иелерінің меншігінде. 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жеке меншік иелеріндегі жеңіл автомобильдер саны 17%-ға артты.
Жеңіл автомобильдердің ең көп үлесі Алматы облысының (500,9 мың бірлік), Алматы (500,1 мың бірлік) және Астана (311 мың бірлік) қалаларының тұрғындарына тиесілі.
Халықтың жеке меншіктегі жеңіл автомобильдермен қамтамасыз етілуі бойынша 100 адамға шамамен 23 бірлік көліктен келеді. Өңірлер бөлінісінде жеңіл автокөлікке ең көп ие тұрғындар Шығыс Қазақстан облысында, 100 адамға 41 көліктен, одан кейін Алматы облысы – 34 көліктен, Қарағанды облысы – 27 көліктен.
2023 жылдың 8 ай ішінде 8253 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 11 916 адам зардап шеккен. Өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда зардап шеккендер саны 14,1%-ға азайды2).
2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша сақтандыру ұйымдары көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша 40 млн теңге сомасына 72 005 сақтандыру төлемдерін жүзеге асырды3).