Елде биыл жаңа өнім жинағанша жететін астық қоры бар – Әлихан Смайылов

7 Маусым 2022, 11:28
2270
Бөлісу:
Елде биыл жаңа өнім жинағанша жететін астық қоры бар – Әлихан Смайылов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді. 

Биыл жаңа өнімді жинап алғанша, елімізде жеткілікті астық қоры бар. Біріккен Ұлттар Ұйымының наурыздағы бюллетеніне сәйкес Қазақстанда биыл астықтың түсімі орташа жылдық көрсеткіштен жоғары болуы керек. Орта есеппен 18-19 млн тонна астық жиналса, ішкі қажеттілік шамамен 8 млн тонна. Тіпті, қолайсыз ауа райы мен жиналатын өнімнің болжамы нашар болған күннің өзінде еліміз өзінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады, - деп атап өтті Үкімет басшысы. 

Сондай-ақ ол егіс жұмыстарының қарқынына оң баға берді. 

Жалпы егіс жұмыстарының қарқыны жақсы. Сонымен қоса, мына мәселелерді атап көрсеткім келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі ғылыми қоғамдастықпен бірлесіп, қолданбалы ғылыми зерттеулерді қолдау, агроғылымды дамыту, елдің климатына сай келетін, құрғақшылыққа төзімді, түсімі жоғары сорттарды жасап шығару шараларын қабылдауы тиіс, - деді Үкімет басшысы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Әлихан Смайылов ауа райының қолайлы мерзімін ұтымды пайдаланып, егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу – қамбадағы мол астықпен бірге, елдің азық-түлік қауіпсіздігінің де кепілі екендігін айтқан болатын. 

Өзгелердің жаңалығы