Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарап жатыр.
Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Ләззат Сүлеймен заң жобасын дайындаған кезде балаларды қорғау саласындағы, халықаралық стандарттар, дамыған мемлекеттердің халықаралық тәжірибесі де ескерілгенін атап өтті.
Сенатор «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңға, «Баланы жәбірлеу (буллинг)» түсінігі енгізілетінін атап өтті.
Буллинг бұл – қорлау сипатындағы жүйелі, екі және одан көп әрекеттер, қудалау және қорқыту, оның ішінде қандай да бір әрекетті жасауға немесе жасаудан бас тартуға мәжбүрлеуге бағытталған әрекеттер, сол сияқты жария түрде немесе бұқаралық ақпарат құралдары және телекоммуникация желілері пайдаланыла отырып жасалған дәл сол әрекеттер, - деді Сүлеймен.
Оның сөзінше, мұндай түсінік мектеп оқушылары арасында өткізілген әлеуметтік сұраулардың нәтижесінде заңнамалық деңгейде алғаш рет енгізіліп отыр және кәмелетке толмағандардың ортасында зорлық-зомбылық, кемсіту, қысым көрсетудің алдын алудың, ересектердің балаға қарым-қатынасының маңызды тармағы.
Норма ғаламтор кеңістігінде жасалған осындай әрекеттерге де қатысты. Заң жобасы арқылы балаға ғаламтор кеңістігінде жасалған кибербуллинг деректерін қарау мәселесі бойынша арыз тәртібі де қарастырылады. Мемлекет баланың жеке басына ешкiмнiң тиiспеуiн, яғни балаға физикалық және психикалық күш көрсетуден, адамның қадір-қасиетіне қатыгездікпен, дөрекілікпен қараудан, оны қорлаудан қорғаумен қатар, енді «Баланы буллингтен» қорғау құқығы бекітіледі, - деп айтты Сенат депутаты заң жобасын таныстырғанда.
Сонымен қатар құжат аясында білім беру саласындағы уәкілетті органға психологиялық қызметтердің жұмыс ережесін, баланы қудалаудың (буллингтің) алдын алу қағидаларын әзірлеу мен бекіту бойынша құзыреттілік беру көзделіп отыр. Бұған дейін бұл өкілеттілік жергілікті атқарушы органдарда болды.
Кәмелетке толмағандарды бейiмдеу орталықтарына үш жастан 18 жасқа дейінгі қараусыз, қорғансыз қалған балалар уақытша орналастырылады. Осыған дейін бұл орталықтарда баланың ата-анасын немесе басқа да заңды өкілдерін анықтау ғана қажет болса, енді оларға осы балаларды беру турасындағы қызметі нақтыланып отыр, - деп түсіндірді Ләззат Сүлеймен Сенаттың жалпы отырысында.