Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Елде атаулы әлеуметтік көмек алушылар 30 пайызға азайды

Бүгiн, 08:54
205
Бөлісу:
 istockphoto.com
Фото: istockphoto.com

Мемлекеттік әлеуметтік төлемдер мақсатты жұмсалуы тиіс. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Бүгінде масылдық пен шынайы мұқтаждықты ажыратуға цифрлық технологиялар көмектесіп отыр. Соның нәтижесінде 2025 жылы елде атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар саны 30 пайызға қысқарды, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz арнасына сілтеме жасап.

Атаулы әлеуметтік көмек – табысы өңірлік кедейлік шегінен төмен отбасыларға берілетін мемлекеттік қаржылай қолдау. Биыл бұл көмекті 54 мың отбасы немесе 290 мыңнан астам адам алды. Осы мақсатқа 30,3 млрд теңге бөлінді. Бір адамға шаққандағы АӘК-тің орташа мөлшері 9 492 теңге болды.

Сонымен қатар, 66 мың 100 отбасыға АӘК тағайындаудан бас тартылды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаменті басқармасының бас сарапшысы Дана Байжанның айтуынша, бұған көбіне жұмыспен қамту шараларынан немесе әлеуметтік келісімшарт талаптарын орындаудан бас тарту себеп болған.

Мемлекеттік қолдауды мақсатсыз пайдаланудың алдын алу үшін АӘК алушылардың тұрмыс жағдайын тексеретін мобильді қосымша енгізілді. Бұл жүйе учаскелік комиссиялардың жұмысын цифрландырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде биыл ел бойынша АӘК алушылар саны 30,4 пайызға төмендеді.

Президент тапсырмасына сәйкес, мемлекет әлеуметтік көмекті тек шын мұқтаж азаматтарға бағыттауды жалғастырады.

Өзгелердің жаңалығы