Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында және 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай «Елбасы – түркі интеграциясының архитекторы» атты түркітілдес елдер жac ғалымдарының халықаралық ғылыми-практикалық онлайн конференциясы өтті.
Халықаралық Түркі академиясы мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бірлесіп ұйымдастырған алқалы жиынға Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Асқар Омаров, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті Жанар Темірбекова, Нұрсұлтан Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы, Бозок университетінің профессоры, әкімшілік және экономика ғылымдары факультетінің деканы Куршад Зорлу, сонымен қатар Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Татарстан, Башқұртстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия елдерінің танымал жас ғалымдары қатысты.
Конференцияның ашылуында сөз алған Академия басшысы Дархан Қыдырәлі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті ̶ Елбасы Н.Назарбаевтың азаттықтың арайлы таңынан бастап бүгінге дейін түркі интеграциясының іргесін берік қалап, баянды бастамаларды жүзеге асырғанына тоқталды.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асқар Омаров Елбасының түркі бірлігін нығайтуға айрықша назар аударғаны және бауырластық байланыстарды дамыта отырып, қуатты аймақтық стратегияны қалыптастырудағы ерекше рөлін атап өтті.
Жиында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті Ж.Темірбекова Елбасының Түркістанда іргелі білім ордасын құрудағы еңбегіне тоқталса, профессор Куршад Зорлу Н. Назарбаевтың түркі ынтымақтастығын қалыптастырудағы дара жолын тұжырымдап берді.
Алқалы жиыннның пленарлық отырысын Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті Фузули Маджидли жүргізіп отырды.
Сонымен қатар, алқалы жиында Н.Назарбаев қоры жанындағы әлем экономикасы мен саясаты институтының директоры Ержан Салтыбаев, Баку мемлекеттік университеті журналистика факультетінің деканы Вугар Алиев, Өзбекстан Ғылым академиясы Археология ұлттық орталығының директоры Фархад Максудов, ICOMOS ұлттық комитетінің вице-президенті, Қазан университеті Халықаралық қатынастар институты директорының орынбасары Рафаэль Валеев және Қырғызстандық жас ғалым Нурдин Усеев пленарлық отырыс аясында мазмұнды баяндамалар жасап, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бауырластық байланыстардың негізін салып, интеграциялық ұйымдарды құру бастамалары туралы пайымды пікірлерімен бөлісті.
Бұдан кейін конференция «Ғылым және білім», «Экономика және транзит», «Түркология» тақырыптарындағы секциялық отырыстарға жалғасты.