Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 11 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық бастамасына 25 жыл толуына арналған «Идеядан – шынайы болмысқа: Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық бастамасына 25 жыл» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Бұл туралы апта сайынғы брифинг барысын СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.
«Іс-шараны елімздің Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен қоры, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетімен бірлесе және Қазақстан Президенті әкімшілігі, Ресей президенті әкімшілігі, Қазақстан және Ресей сыртқы істер министрліктері, сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігі және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылады. Конференцияның ресми ашылуына Қазақстан мен Ресей президенттері әкімшіліктері және Еуразиялық экономикалық комиссия өкілдері, Қазақстан мен Ресей парламенттерінің депутаттары және тағы басқалар қатысады», - деді СІМ баспасөз хатшысы.
Конференция Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 25 жыл бұрын Мәскеу мемлекеттік университетінде алғашқы рет жария еткен еуразиялық интеграция мен Еуразиялық одақты құру идеяларының іс жүзінде іске асырылуының стратегиялық көрінуі мен бағыттарын пайымдауды ұйғарады. Жалпы, Елбасының пікірінше, интеграцияның мұндай түрі одаққа қатысушы әрбір елдің мемлекеттік мүдделері іске асырылатын және экономикалық ынтымақтастыққа нақты назар аудара отырып, барлық жиынтық әлеуетті пайдаланылатын тең құқылы тәуелсіз мемлекеттер одағы бола алар еді.
20 жылдан соң Елбасының еуразиялық интеграция идеясы Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына негіз болды. Оны құру туралы шартқа 2014 жылғы 29 мамырда елордада қол қойылды.
«2019 жылы 29 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуының 5 жылдығы мен еуразиялық интеграция идеясының 25 жылдығы аясында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтеді. Оның аясында одаққа мүше елдердің мемлекет және үкімет басшыларынан бөлек, құрметті қонақ ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады», - деп түйіндеді Смадияров.