Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қазандық бөлмесінде «Елбасы өнегесі» атты көрме ашылды.
1 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған көрмені "Әзірет Сұлтан" қорық-музейі директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков ашып, айтулы мерекенің тарихи маңызы туралы әңгімеледі.
"Киелі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі түркі халықтарының, оның ішінде исі қазақтың айрықша құрмет етіп, тәбәрік тұтар мекені. Ұлы ұстаздың рухани ілімі бағзы заманнан бері шынайы еркіндікке, тәуелсіздікке жеткізетін жол ретінде танылған. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Түркістан мен оның ұлы ғимаратын бүгінгі ұрпақ қазақ мемлекеттілігі тағдырмен тығыз бірлікте қарастырады. Ұлттық бостандығымыз бен іргелі елдігіміздің ақ ордасы, асыл көзі деп ардақ тұтады» деп киелі мекеннің дәрежесін одан әрі айқындай түсті. Осы алтын сабақтастықтың бүгінгі дейін үзілмей жеткендігін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен тарихымызға, рухани мұрамызға деген ізгі ниетімен байланыстыруға болады. Бабалар дәстүріне айнымас адалдықтың үлгісін көрсетіп келе жатқан Елбасымыз Әзірет Сұлтан кесенесінің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енуіне тікелей мұрындық болды,-деді Мұрат Тастанбеков.
Жиынға қатысқан қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Өтепберген Қуанышбаев және Өзбекәлі Жәнібековтің қарындасы Айғаным Серім мен өзге де зиялы қауым өкілдері, тарихшылар Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының Түркістан қаласын дамыту, тарихи-мәдени мұраларды жаңғырту, сақтау жолындағы орасан зор еңбектері жөнінде әңгімеледі.
Көрме экспозициясына қорық-музей қорындағы 50-ден аса жәдігер қойылды. Оның ішінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 1985 жылы Қазақ ССР Министрлер кабинетінің басшысы кезіндегі, Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті тұсындағы суреттер мен құжаттар, бауырлас Түркия Республикасының Президенттері Тұрғыт Озал, Сүлеймен Демирел, Ахмет Сезар, Абдулла Гүл, Режеп Ердоған және Өзбекстан Республикасының бұрынғы Президенті И.Каримовтармен өткен ресми кездесулер жайлы суреттер қойылды. Сонымен қатар, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде жарық көрген «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл», «Қазақстан жолы», «Казахстанский путь», «Бейбітшілік кіндігі», «Туған елім — тірегім», «Евразийский Союз идеи, практика перспективы», «Kutup Yildizi», «Nursultan Nazarbayev» атты жарық көрген кітаптары мен 1999 жылы қорық-музей қорына табыстаған Құран Кәрім кітабы, 2005 жылы Түркістанға ресми сапармен келгенде киген шапаны көпшілік назарына ұсынылды.
Түркістанға келген қонақтар мен қала тұрғындары "Елбасы өнегесі" көрмесін бір ай бойы тамашалай алады.