Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Тұңғыш президенті Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) сарапшысы Лидия Пархомчик Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа үндеуіне қатысты пікір білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым қоғаммен ашық және адал диалог құруды қолдап келеді. Ұлт саулығына қауіп төнген жағдайда, Елбасы халыққа қолдау көрсетіп, күш-жігерді жұмылдыруға үндеді. Қазақстанның Тұңғыш президенті отандастарын басқа түскен қиын кезеңде шыдамдылық танытуға шақырды, - дейді ол.
Лидия Пархомчик Қазақстанның Тұңғыш президенті республиканың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға қатысты алдын ала әзірлей бастаған жүйелі шараларды ерекше атап өткенін айтады.
Нұрсұлтан Назарбаев президент пен Үкіметтің эпидемияға қарсы күрестегі қызметіне жоғары баға беріп, бұдан әрі де хаос пен тұрақсыздыққа жол бермеу үшін биліктің бастамалары мен ұйғарымдарын қолдауға шақырды. Елбасы Қазақстанның дағдарыс кезеңіне толығымен дайын болғанын әділ атап өтті. Ұлттық экономикадағы жетістіктер, сондай-ақ ауыл шаруашылығын реформалау дағдарыстан кейінгі кезеңде елді табысты қалпына келтірудің кепілі болып табылады, - дейді Лидия Пархомчик.Сонымен қатар, сарапшы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздегі мұқтаж жандарға және бизнес өкілдеріне көмек көрсету бойынша тетіктердің іске қосылғанына ерекше назар аударғанын да тілге тиек етті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтарға жан-жақты көмек көрсетудегі күш-жігерін қолдай отырып, Қазақстанның Тұңғыш президенті батыл және жүйелі жұмыс істеуге шақырды. Елбасы ел азаматтарын бір-біріне қолдау көрсетуге және түрлі арандатушылыққа жол бермеуге үндейді. Адам өмірі – ең басты құндылық. Тек рухтың беріктігі мен ерік-жігердің мықтылығын көрсете отырып, біз басқа түскен қиын кезеңді еңсере аламыз, - дейді ол.