Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде #Elbasymenbirge атты жаңа челлендждің басталғаны белгілі. Соның аясында көпшілік Тұңғыш президентіміздің елге сіңірген еселі еңбегі мен ұрпаққа өнеге болар тағылымын айтуда, деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Бүгінде бүкіл әлем тәуелсіз Қазақстанды бағыт-бағдары айқын, келешегі кемел, қадамы нық мемлекет ретінде мойындайды. Шын мәнінде, біз отыз жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде ғасырлармен өлшенетін жетістіктерге қол жеткізіп, биік белестерді бағындырдық. Бұл, ең алдымен, қазақтың бағына туған қайраткер, егемен еліміздің негізін қалаушы тұлға, жаһандық деңгейдегі саясаткер Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі екені сөзсіз, - деді Әшімбаев.
Ол атағандай, Тұңғыш президентіміз экономикамыз тұралаған, жаппай тоқырау белең алған шақта ел тізгінін ұстап, ақыл-парасаты мен дана саясатының арқасында Қазақстанды тығырықтан шығара білді.
Халық "кемеңгерліктің отыз жылы" деп баға берген Назарбаев дәуірінде қазақ елі шет мемлекеттердің бәрімен достық қарым-қатынас орнатып, дүниежүзілік қауымдастықтың төрінен лайықты орын алды. Бүгінде елімізді жаһан жұрты өзіндік даму жолы қалыптасқан, шекарасы шегенделген, бірлігі бекемделген, бейбітшілік пен келісімнің алтын бесігіне баланған беделді мемлекет ретінде таниды, - дейді ол.
Мәулен Әшімбаев Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани жаңғырулар еліміздің дамуына тың серпін бергенін бәрі жақсы білетінін жеткізді.
Соның арқасында экономикалық әлеуетіміз артып, әлеуметтік ахуалымыз жақсарып, тарихымыз түгенделді. Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендігі мен беделі жаһандық мәселелердің де оң шешілуіне ықпал етіп келе жатқаны баршаға аян. Ұлтымыздан бүкіл әлем мойындап, санасатын Елбасыдай тұлғаның шығуы – халқымыз үшін зор абырой және үлкен мақтаныш. Тұңғыш президентіміз астананы Арқа төсіне көшіру арқылы ата-бабамыздың асыл арманын ақиқатқа айналдырды. Қазіргі таңда бұл тарихи шешімнің өте орынды әрі дер кезінде қабылданғанына бәріміз куә болып отырмыз, - деді ол. ⠀
Ол атап өткендей, Нұрсұлтан Әбішұлы бүкіл әлемнің назарын аударған былтырғы тарихи шешімімен ел дамуының жаңа көкжиегіне жол бастап берді.
Бүгінде Қазақстан сол жолдан жаңылмай, саяси сабақтастықты сақтай отырып, алға қарай батыл қадам басып келеді. Келешекте еліміз осы бағыттан айнымай, талай биік белестерді бағындыратынына ешқандай күмәніміз жоқ. Сол жолда әр қазақстандық өз үлесін қосуы қажет. Құрметті достар, баршаңызды Елбасы мен елордамыздың бүгінгі туған күндерімен құттықтаймын. Елімізге амандық, жерімізге тыныштық, Елбасымызға ұзақ ғұмыр тілеймін! Қазақ елі мәңгі жасай берсін, - деді Әшімбаев.