Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттілігін өз еркімен тоқтатқанына дәл бір жыл толды. ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ауыт Мұқибек Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Түркі дүниесінің Ақсақалы" деген мәртебелі атқа лайық тұлға екенін айтты.
Кеңес одағы құлаған соң, жаңа мемлекеттер пайда болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол жаңа мемлекеттер басшыларының ішінде ең сергек қимылдаған тұлға. Жас мемлекеттер арасындағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД), Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, (ШЫҰ) және Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) сынды барлық бастамалардың бастамашысы немесе белсенді қолдаушысы болады. Соның бәрі Қазақстан Тәуелсіздігін сақтап қалаудың амал-тәсілі еді - дейді ол.
Оның айтуына қарағанда, қазіргі таңда осы ұйымдар, әсіресе, Еуразиялық экономикалық одақ туралы жұрт ала-құла пікірлер айтып жүргені жасырын емес.
Аталған одақтарға параллель Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің де қалыптасып үлгірді. Соңғы жылдары Нұрсұлтан Әбішұлы бұл ұйымның атын түркі тілдес емес, түркі тектес деп өзертуді ұсынды. Осы ұлы бастаманың да басында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғанын біз ешқашан естен шығармауымыз керек. Керек болса, аталған ұйымдар мен одақтарды осы Ұлы мақсатқа жету жолындағы баспалдақ деп қараған жөн. Қазір бұл ұйымның аясында Халықаралық Түркі академиясы құрылып, түбі бір Түркінің басын қосу жолында өте жоғары деңгейде жұмыс атқарып жатыр - дейді Ауыт Мұқибек.
Ол Ұлт Көшбасшысының бұл еңбегін ерекше мақтанышпен атап өтетінін айтты.
Түркінің басы түгенделсе, бізді сырттан ешбір жау ала амайды. Еуразиялық экономикалық одақ кез-келген уақытта тарап кетуі мүмкін. Ал, Түркі тектес халықтардың бірлігіне ешкім балта шаба алмайды. Өйткені, бұл кеңес қаны бір халықтардың ұйымы. Кешегі Алаш арыстарының жете алмай кеткен ұлы арманы. Міне, сол арманды біздің Нұрсұлтан Әбішұлы орындады. Ал, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіның "С5+1" форматына қол жеткізуі – зор жеңіс! Демек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Түркі дүниесінің Ақсақалы" деген мәртебелі атқа әбден лайық тұлға!, - деді Ауыт Мұқибек.