Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда 25 ұстаз тәлімгер ретінде арнайы оқудан өтті. Бұл туралы "Білім инновация" халықаралық қоғамдық қорының өкілі Әлішер Бодаубеков онлайн брифинг кезінде мәлімдеді.
"Білім инновация" халықаралық қоғамдық қоры "Елбасы медалі" бағдарламасының серіктесі. Қор тәлімгерлер, сарапшылар мен жобаға қатысушыларды қолдау бағытында аймақтық үйлестірушілер мен ресурстық орталықтар желісін құрумен айналысады. Сонымен бірге әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдауды қамтамасыз етеді.
"Елбасы медалі" бағдарламасына қатысушы тәлімгердің көмегімен жұмыс істейді. Алматы бойынша біз 25 адамға оқу-әдістемелік құралдары бойынша дайындадық. Бұл адамдардың барлығы педагогикалық тәжірибесі мол, білікті адамдар. Олар "Назарбаев зияткерлік мектебі", "Білім инновация", "Ойла" қоғамдық мектебі сияқты мекмелердің ұстаздары. Тәлімгерлер қатысушылардың жұмыс кестесін әзірлеуге көмектесіп, олардың барлық жетістігін бағалайды, - дейді ол.
Сонымен қатар, ол қазір бейнесабақтар үшін арнайы роликтер түсіріп жатқандарын жеткізді.
Бұл қатысушыларды онлайн қолдауға бағытталған. Биыл 280-ге жуық бейнеролик түсіріледі. Ол интернетке кіре алатын кез келген баланың жеті бағыт бойынша өзін дамытуға мүмкіндігі болады деген сөз, - дейді Әлішер Бодаубеков.
Алматы қаласы білім Басқармасының "Алматы дарыны" дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау орталығының директоры Айгүл Қасымбекова бұл бағдарлама жас жеткіншектердің қабілетін дамытуға, рухын биік ұстауға және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталғанын айтты.
Онда жеті бағыт бойынша жұмыс жүргізіледі. Мәселен, спорт, денешынықтыру бағытында әр қатысушы өзіне ұнайтын спортпен айналысады. Дарындылық пен дағдыны дамыту бойынша жасөспірімдер үйірмелерге, зияткерлік, техникалық жарыстарға қатыса алады. Кітап оқу бағыты бойынша әр қатысушы қазақ ұлттық әдебиетінің алтын қоры, әлемдік әдебиет және өз-өзін дамытуға арналған кітаптарды берілген уақытта оқып шығады. Осы бағыттар бойынша өзін үздік көрсеткендер қола, күміс және алтын медальдермен марапатталады. Бұл медалді мемлекет тарапынан жасалған қолдау деп түсіну керек, - дейді Қасымбекова.