Астанада «Қазақстан бар ғұмырым!» атты жалпыреспубликалық жастар жиыны өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Жаңа адамдар» жастар қозғалысының ұйымдастыруымен қолға алынған шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 7 мыңнан астам жас жиналды. Мұндағы мақсат – жастардың басын қосып, байланысын нығайту, қызығушылықтарын анықтап, қабілеттерін шыңдау. Ауқымды шарада 20-дан астам түрлі алаңқайлар жұмыс істеді. Онда әркім өзіне керегін алуы үшін бар жағдай жасалған. Спорттың түр-түрі, білім-ғылым сайыстары, жаңа технологиялар мен жаңа трендтер – барлығы жастардың білімі мен білігін арттыруға арналды.
Басқа қаладан келген балалар сол тәжірибені есту арқылы өздерінің қалаларына барып, соны жүзеге асырады. Естіген идеяларын, жасап жатқан істерін өздеріне түртіп алып, ары қарай жұмыс жасау үшін , өздерінің науқанын жүргізу үшін олар осы жақтан тәжірибе жинайды біріншіден, және теориялық, практикалық білім алады , - дейді ұйымдастырушылардың бірі Күннұр Болатбек.
Шара басталысымен қатысушылар ел алдында жүрген бірқатар тұлғалардың өмірлік тәжірибесімен танысты. Спикерлер - өзінің күш-жігерімен толағай табыстарға жетіп, қатарластарының арасынан оза шапқан жастар буынының өкілдері. Бизнесмендер, өнер иелері, өз еңбегімен ел назарын өзіне қарата білген іскер қыз-жігіттер жиналғандарға жетістікке жетудің жолдарын айтып берді.
Одан бөлек, қатысушыларға дәл қазіргі кезде ел ішінде іске асырылып жатқан 12 азаматтық жоба таныстырылды. Лудоманияға қарсы күрес, әйелдерге қатысты әлімжеттікті болдырмау, жасөспірімдерге спирттік ішімдік сатудың жолын бөгеу, тіл тазалығы мен қоршаған ортаны қорғау секілді маңызды мәселелерді реттеуге жастар өз үлесін қосып келеді екен.
«Тұмар» дейтін бағытымыз бар. Бұл акциясы – әйелдер үшін арналған қауіпсіз такси. Мысалы, Алматыда кейбір сәттерде такси жүргізушілері өздеріне көп алады. Нөмірін сұрау, жақындық сұрау секілді. Сол үшін біз әйелдер үшін қауіпсіз такси аштық. Олар ол жерде өздерінің басынан өткендерімен бөлісе алады, - дейді ұйымдастырушы Айбек Қайдар.
Алғаш рет өткен шара жастардың көңілінен шыққан секілді. Себебі олар мұнда көріп-түйгендерін өз өңірлерінде іске асыруға асығып отыр.
Түрлі қалалардан келген жастар жастардың басын қосып, бір-бірімен коммуникацияға түсіп, даму, бір-бірімен әркім өзінің креатив ойларын білдіру арқылы жаңа даму жүреді деген ойдамын. Бұл өте маңызды, - дейді Алматыдан келген Аяулым Советхан.
Жастар үшін өте пайдалы мұндай басқосу алдағы уақытта тағы да өтеді. Ұйымдастырушылар болашақта қатысушылар санын көбейтіп, ауқымын арттырмақшы.