Ел жарықсыз қалды, бірақ басшылық миллиондап сыйақы алған: KEGOC түсініктеме берді

 depositphotos.com 25 Тамыз 2026, 13:06
25 Тамыз 2026, 13:06
347
Фото: depositphotos.com

«KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Алматыдағы блэкауттан кейін компанияның топ-менеджерлеріне берілген сыйақыларға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Журналистер 14 тамызда Қазақстанда электр энергиясы жаппай өшкеннен кейін «KEGOC» АҚ топ-менеджментіне бонус пен өзге де төлемдер түрінде шамамен жарты миллиард теңге берілгені туралы ақпарат тарағанын атап өтті. Осыған байланысты БАҚ өкілдері компания басшысынан аталған төлемдердің не үшін берілгенін сұрады.

Бұл төлемдер мен сыйақылар корпоративтік стандарттарға сәйкес беріледі. Көрсетілген сомаға тек сыйақы ғана емес, топ-менеджерлер мен директорлар кеңесі мүшелерінің еңбекақысы, сондай-ақ қызметкерлермен есеп айырысуға арналған бүкіл төлем жүйесі кіреді. Жалпы сома 587 млн теңгені құрады. Оның шамамен 83 млн теңгесі ғана сыйақы төлеуге бағытталды, – деді Нәби Айтжанов.

Оның айтуынша, сыйақы мөлшері әр қызметкердің, басқарма және директорлар кеңесі мүшелерінің тиімділік көрсеткіштері негізінде айқындалады.

Компания алдына қойылған қаржылық міндеттердің бірі – таза пайданың тұрақты өсімін қамтамасыз ету. 2023 жылы компанияның таза пайдасы 43 млрд теңге болса, жоспарымызға сәйкес, 2025 жылы бұл көрсеткіш 77 млрд теңгеге жетеді. Яғни басқарма мен директорлар кеңесі қаржылық бағытта алдына қойылған міндеттерді толық орындап отыр. Сондықтан біз бұл сыйақыны негізді деп есептейміз, – деп қорытындылады «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы.

Наверх