BAQ.KZ тілшісі астаналықтар мен қала қонақтарынан сауалнама алды.
Сауалнама тақырыбы алда келе жатқан 25 қазан Республика күніне қатысты.
Еске салайық, 2009 жылға дейін Республика күні 25 қазанда Қазақ КСР-ның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған күн ретінде тойланып, демалыс күн болатын. Кейіннен ол мереке мемлекеттік мерекелер қатарынан шығып қалды.
Алайда биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда Республика күніне ұлттық мереке статусын қайтаруды ұсынды. Яғни биылдан бастап бұл мереке қайта жанданады.
Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, - деді Президент.
Осыған байланысты, елорда тұрғындары мен қонақтарының Республика күні ұлттық мереке болып қайта бекітілгеніне қатысты ойларын сұрап қайттық.